Қазақстанда жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, өз ісін жүргізетін азаматтар көбейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейінгі алты жылда жеке кәсіпкерлер саны 1,53 миллионнан 1,73 миллион адамға дейін өскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 13 пайыз артық, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осы аралықта жеке кәсіпкер мәртебесін алмай, өз бетінше еңбек ететін тәуелсіз жұмыскерлер саны керісінше азайған. Олардың қатары 555,8 мыңнан 393,3 мың адамға дейін, яғни үштен бірге жуық қысқарған.
2025 жылы елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2,1 миллион адамды құрады. Бұл - жұмыспен қамтылған халықтың 23,1 пайызы. Аталған топтың құрылымы да айтарлықтай өзгерген. Қазір жеке кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың шамамен 80 пайызын құрайды. Ал 2019 жылы елеулі үлеске ие болған тәуелсіз жұмыскерлердің саны жыл өткен сайын кеміп келеді.
Өндірістік кооператив мүшелерінің үлесі де барынша азайған. Қазіргі таңда олардың саны ел бойынша 3 мыңнан 20 мың адамға дейінгі аралықта. Жеке практикамен айналысатын азаматтар қатары да көп емес, шамамен 16-26 мың адам.
Өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 314,2 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Одан кейін Алматы облысы - 165,2 мың, Шымкент - 147 мың, Алматы қаласы - 132 мың және Жамбыл облысы 129,4 мың кәсіпкермен алғашқы бестікке енді.
Ұлытау облысында 4,8 мың, ал Абай облысында 97,3 мың жеке кәсіпкер бар. Жалпы көрсеткіштер елдің оңтүстігі мен солтүстік-шығыс өңірлері арасындағы кәсіпкерлік белсенділікте әлі де елеулі айырмашылық бар екенін аңғартады.