Танзаниядан Талдықорғанға: шетелдік жастар неге Жетісу университетін таңдады?

Танзаниядан Талдықорғанға: шетелдік жастар неге Жетісу университетін таңдады?

Жетісу университетінде білім алып жатқан шетелдік студенттер университет ректоры Ермек Әбілтайұлымен таңғы ас кезінде кездесті. Еркін пікір алмасуға арналған жылы жүздесу шетелдік білім алушылардың университет өміріне бейімделуіне, өздерін еркін сезінуіне және студенттер арасында өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыруға негізделді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу барысында университет ректоры білім алушыларға оқу ордасындағы білім беру және тәрбие үдерісі, білім мен ғылымды дамыту бағытындағы халықаралық ынтымақтастық, шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс және академиялық мүмкіндіктер туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар студенттерді қазақ халқының ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі мен мәдениеті, қонақжайлық болмысымен таныстырды.


 

«Білім мен ғылымда шекара болмауы керек. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту арқылы біз Жетісу университетіне шетелдік оқытушылар мен студенттерді тартуға, білім және ғылым саласындағы тәжірибе алмасуды дамытуға басымдық беріп келеміз. Соның нәтижесінде жаңа оқу жылында студенттер қатары шетелдік жастармен толықты. Қазақстанда білім алуға ниет білдіріп, Жетісу университетін таңдап, бізге сенім артқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Әрқайсыңыз таңдаған  салаларыңыз бойынша білім беру бағдарламасын жақсы меңгеріп,  Жетісу жеріне тез бейімделіп кетулеріңізге тілектеспін, – деді Ермек Әбілтайұлы.



Шетелдік студенттер де кездесудің ашық әрі достық сипатта өткеніне ризашылықтарын білдіріп, Талдықорған қаласы мен университеттің өздеріне ұнағанын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанда шетел азаматтарының білім алуына мүмкіндік жасап отырған мемлекеттік саясатқа және студенттерге қолайлы жағдай қалыптастырған университет басшылығы мен қызметкерлеріне алғыстарын айтты.

Педагогика және психология білім беру бағдарламасы бойынша магистратурада оқып жатқан Танзания азаматы Joseph John Kilihindi университетті таңдауға қатысты өз әсерін жеткізді.

«Мен Жетісу университетіне келіп оқуды 2023 жылдан бері жоспарлап жүрдім. Мемлекетаралық құжаттарды рәсімдеу, әрине, оңай емес, бұл көп уақыт пен күшті талап етеді. Соған қарамастан, барлық қиындықты еңсеріп, биыл Жетісу университетінің магистратурасында оқу бақытына ие болдым. Құжаттарды рәсімдеу барысында қолдау көрсетіп, көмектескен университет қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Мұнда білім алуға барлық жағдай жасалғанына қуаныштымын», – деді ол.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында Жетісу университетінде Танзания, Йемен, Индонезия және Палестина елдерінен келген төрт шетелдік студент білім алуда.