"ҚазТрансОйл" 2026 жылдың алғашқы он айында 38 млн 306 мың тонна мұнай тасымалдады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1 млн 323 мың тоннаға көп, деп хабарлайды dalanews.kz.
Protenge дереккөзінің мәліметінше, көрсеткіштің айтарлықтай өсуіне бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Соның бірі – былтыр дрон шабуылдарынан кейін бұзылған инфрақұрылымның қалпына келуі. 2025 жылы, әсіресе Каспий құбыр консорциумының нысандарына жасалған шабуылдар тасымал көлеміне кері әсер етіп, мұнай ағынын басқа бағыттарға бұруға мәжбүр еткен еді. Биыл бірқатар бағыттың қалыпты жұмысына қайта оралуы жалпы көрсеткішті арттырған болуы ықтимал.
Мұны Каспий құбыр консорциумы жүйесіне жөнелтілген мұнай көлемінен де байқауға болады. Аталған бағыттағы тасымал 897 мың тоннаға өсіп, 3 млн 878 мың тоннаға жеткен. Былтыр дрон шабуылдарынан ең көп зардап шеккен бағыттардың бірі де осы болатын. Демек, инфрақұрылым қалпына келгеннен кейін мұнай ағыны қайта жанданып, көрсеткіште айтарлықтай өсім қалыптасқан.
Дегенмен «ҚазТрансОйл» ресми хабарламасында тасымал көлемінің артуын дрон шабуылдарынан кейінгі қалпына келу үдерісімен тікелей байланыстырмайды. Компания тек өндірістік көрсеткіштердің өзгерісін келтірген.
Бұған қоса, 2026 жылғы қарашада дрон шабуылына байланысты «Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы тасымал уақытша тоқтағаны хабарланды. Алайда құбыр жұмысы көп ұзамай қайта жанданды.
Өсімге ішкі нарықтағы сұраныс та ықпал еткен. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілген шикізат көлемі 643 мың тоннаға көбейіп, 15 млн 522 мың тоннаға жетті.
Ал «Тұймазы – Омбы – Новосібір-2» мұнай құбыры арқылы тасымалданған мұнай көлемі 450 мың тоннаға артып, 10 млн 214 мың тоннаны құрады.