Иранның Революциялық сақшылар корпусы Бахрейндегі америкалық станцияға соққы жасағанын мәлімдеді

Иранның Революциялық сақшылар корпусы Бахрейндегі америкалық станцияға соққы жасағанын мәлімдеді
ашық дереккөз

Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Бахрейндегі америкалық радиолокациялық ерте ескерту станциясына соққы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Tasnim агенттігі мәліметінше, корпус бұл шабуылды АҚШ-қа бағытталған ескерту деп атаған. Иран тарапының мәлімдеуінше, соққының мақсаты - қарсыластың әуе шабуылдары мен Ормуз бұғазы арқылы мұнай контрабандасын тоқтатуға мәжбүрлеу.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары дерегінше, бұл шабуыл АҚШ-тың елдің оңтүстігіндегі Хормозган провинциясына қарасты Сирик ауданындағы телекоммуникация мұнарасына әуе соққысын жасағанына жауап ретінде ұйымдастырылған. Иран тарапы бұл нысанға бейсенбіде шабуыл жасалғанын хабарлаған.

Tasnim агенттігі таратқан мәлімдемеде Ислам революциясы сақшылары корпусы бұл әрекетті "жауға жасалған қатаң ескерту" деп атап, мұндай шабуылдар қайталанса, корпустың Әуе-ғарыш күштері еш шектеусіз әрекет етуге дайын екенін жеткізген.

Алайда Иранның соққы туралы мәлімдемесін әзірге тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ. АҚШ пен Бахрейн билігі де бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеген. Бахрейнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 5-флотының штаб-пәтері орналасқан.