Дүниежүзілік банк тобына кіретін Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттік (MIGA) Қазақстандағы жаңартылатын энергетика жобаларын қаржыландыруға қолдау білдірді. Атап айтқанда, Германияның даму банкі KfW Қазақстанның Даму банкіне берген 200 млн доллар көлеміндегі несиеге кепілдік ұсынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
MIGA басқарушы директоры Цутому Ямамотоның айтуынша, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді және әйелдер үшін сапалы жұмыс орындарының санын арттыруды мақсат етіп отыр. Агенттік пен Дүниежүзілік банк тобы осы міндеттерді жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын.
«MIGA мен Дүниежүзілік банк тобы даму саласындағы негізгі екі серіктесіміз - Қазақстанның Даму банкі және KfW қатысатын маңызды жоба арқылы елдің осы мақсаттарға жетуіне қолдау көрсетуге қуанышты», - деді Цутому Ямамото.
Қаржыландыру Қазақстанда жел және күн электр станцияларын дамытуға бағытталған жаңартылатын энергетика жобаларын қолдауға жұмсалады. MIGA мәліметінше, бұл бастама елдің қазба отынға тәуелділігін азайтып, таза энергетика саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Агенттік келтірген ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы электр энергиясын өндіретін қуаттардың жартысынан астамы көмір электр станцияларына тиесілі болған. Олардың көпшілігі ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келеді. Ал жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын өндірудегі үлесі 13,5 пайызды құраған.
Жоба Дүниежүзілік банк тобының Қазақстанға энергетикалық жүйені неғұрлым таза әрі тұрақты бағытқа көшіру жөніндегі кешенді қолдауының бір бөлігі саналады.
MIGA - Дүниежүзілік банк тобының құрамындағы агенттік. Ол дамушы елдерге инвестиция тартуға жәрдемдесу үшін саяси тәуекелдерді сақтандыру, кредит сапасын арттыру құралдары мен сауданы қаржыландыру аясындағы кепілдіктер ұсынады.