Ақмола облысында сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысының өліміне қатысты іс тоқтатылды

Ақмола облысында сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысының өліміне қатысты іс тоқтатылды
Ашық дереккөз.

Ақмола облысының полициясы қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өзіне қол жұмсау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру 13 қыркүйекте басталған. Тергеу барысында қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, тиісті материалдар жиналған.

«Тергеу нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - деп хабарлады полиция департаменті.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде марқұмның туыстары оқиғаға оның жұмыс орнындағы қысым, тәртіптік жаза және қызметтік баспана мәселесі себеп болуы мүмкін екенін жазған.

Ал Ақмола облыстық сот әкімшілігі департаменті Аян Дүйсековке ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеген. Ведомствоның түсіндіруінше, оған еңбек тәртібін бұзғаны үшін сөгіс жарияланған, ал мемлекеттік пәтерден шығару мәселесі көтерілмеген.

Еске салайық, 30 қазанда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманының мәйіті табылған болатын. Осы дерек бойынша да полиция адамды өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісімен қылмыстық іс қозғаған.

Бұл - өңірдің сот жүйесінде тіркелген екінші өзіне қол жұмсау оқиғасы.