Әлеуметтік желіде әскери ант қабылдау кезінде сарбаздың жағдайы нашарлап, есінен танып қалғаны көрінетін видео тарады. Кадрларда оны оқиға орнынан жедел жәрдем көлігі алып кеткені көрінеді. Қорғаныс министрлігі осыған жағдайға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, желіде тараған видео 2024 жылы түсірілген. Оқиға Аягөз гарнизонында әскери ант қабылдау рәсімі кезінде болған. Министрлік бұл жағдайға қатысты бұған дейін де түсініктеме берілгенін мәлімдеді.
"Әскери қызметшінің жағдайы нашарлауына қатты толқуы себеп болған. Денсаулығына қауіп төнген жоқ. Оған медициналық көмек дер кезінде әрі толық көлемде көрсетілді", – деді Қорғаныс министрлігі өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство әскери қызметші кейін мерзімді әскери қызметін толық өтегенін хабарлады.