Ішкі істер министрлігі сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ермек Шұрмановтың ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда ведомство кәсіпорынның азық-түлікке жауапты бөлімшелерінің біріндегі менеджердің заңсыз әрекеттері анықталғанын растады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірлесіп жедел іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде «Еңбек» РМК-ның тамақтандыруға жауапты бөлімшелерінің біріндегі менеджердің құқыққа қайшы әрекеттері анықталған.
«Бұл кәсіпорын басшылығына емес, оның құрылымдық бөлімшелерінің біріне қатысты екенін атап өтеміз. «Еңбек» РМК бас директорының ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарын жаңылыстыратын мәліметтерді, соның ішінде оқиғаға қатысы жоқ адамдардың фотосуреттерін таратпауға шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұған дейін «Еңбек» РМК бас директоры Ермек Шұрманов пен кәсіпорынның азық-түлік басқармасының басшысы Фуркат Худайбергенов сотталғандарға арналған азық-түлік өнімдерін сатып алу және жеткізу кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа күдікті ретінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Алайда комитет Шұрмановтың ұсталғаны туралы нақты мәлімет берген жоқ.
Осылайша, ІІМ бас директордың ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарса, ҰҚК қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.