Уст-Луга портына шабуыл: Қазақстан мұнайын басқа бағыттарға бұрған

Уст-Луга портына шабуыл: Қазақстан мұнайын басқа бағыттарға бұрған
deposit photos.com

Ресейдің Ленинград облысындағы Уст-Луга портына жасалған дрон шабуылы Қазақстан мұнайының экспортына тікелей әсер етпеген. Өйткені бұл порт арқылы қазақстандық мұнай жөнелту шабуылға дейін-ақ техникалық шектеулерге байланысты тоқтатылған. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

11 қарашада Уст-Луга порт аймағына дрон құлап, өрт шыққан. Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконың хабарлауынша, өртті сөндіруге қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылған. Сондай-ақ порттағы трансформаторлық қосалқы станция апатты жағдайда ажыратылған.

Уст-Луга порты Қазақстан мұнайын экспорттауға пайдаланылатын бағыттардың бірі болған. Алайда техникалық шектеулерге байланысты бұл маршрут арқылы мұнай жөнелту уақытша тоқтатылған. Осыған дейін Қазақстан Энергетика министрлігі Ресейдің энергетика ведомствосына хат жолдап, порт арқылы мұнай тасымалын қайта бастау мәселесін көтерген. Бұл туралы 5 қарашада «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берілген жауапта айтылған.

Министрлік мәліметінше, аталған көлемдегі мұнай басқа экспорттық бағыттарға, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесіне қайта бағытталған.

«ҚазТрансОйл» деректеріне сәйкес, 2026 жылғы шілдеде Ұст-Луга бағытына 286 мың тонна, тамызда 200 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілген. Порт арқылы Қазақстанның көмірі, бидайы және басқа да тауарлары да экспортталған.

Қазіргі уақытта порттағы өрттің қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеуге арналған инфрақұрылымға әсер еткені туралы расталған ақпарат жоқ. Сондай-ақ дрон шабуылы Қазақстанның экспорттық жеткізілімдеріне ықпал еткені жөнінде мәлімет жарияланбаған.