Ақсуда әйелді өлтіріп, денесін өртемек болған ер адам 10 жылға сотталды

Ақсуда әйелді өлтіріп, денесін өртемек болған ер адам 10 жылға сотталды
Фото: ЖИ

Ақсу қаласында әйелді соққыға жығып өлтірген, кейін қылмыстың ізін жасыру үшін оның денесін өртемек болған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Криминальный Казахстан дереккөзінің мәліметінше, оқиға 17 сәуірде қала шетіндегі жылу құбырларының маңында болған. Ер адам мен әйел бірге ішімдік ішіп отырған кезде араларында жанжал туындаған. Бұған әйелдің ер адамның марқұм анасына тіл тигізуі себеп болған.

Жанжал кезінде ер адам әйелдің бетінен жұдырықпен ұрып, кейін денесінің әр тұсынан бірнеше рет тепкен. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмған.

Осыдан кейін ер адам үйіне барып, дизель отынын алып келген. Қылмыстың ізін жасырмақ болған ол марқұмның киімін шешіп, денесіне жанармай құйып, өрт қойған.

Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі - "Адам өлтіру" бойынша кінәлі деп таныды. Оған қауіпсіздігі орташа мекемеде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сотталған азаматтан жәбірленуші тараптың пайдасына 5,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді.