Қазақстанда 2026 жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Ал ел экономикасында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 9,4 миллионнан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,3 мың адамға көп, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, жұмыспен қамтылған 9,4 миллион адамның 7,25 миллионы (77,1%) жалдамалы жұмысшылар болса, 2,16 миллионы (22,9%) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 жастан асқан халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі 64,3 пайызға жеткен.
Қазақстандықтар қай салада көп жұмыс істейді?
Жұмыспен қамтылған азаматтардың басым бөлігі сауда саласында еңбек етеді. Бұл саладағы жұмысшылардың үлесі 16,8 пайыз. Одан кейінгі орындарда білім беру (13,3%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (10,5%) салалары тұр.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі қандай?
15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайыз болды. Ал NEET санатына жататын, яғни жұмыс істемейтін әрі білім алмайтын жастардың үлесі 5,6 пайызды құрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектің соңында жұмыспен қамту органдарында 346,9 мың жұмыссыз тіркелген. Бұл елдегі жұмыс күшінің 3,5 пайызына тең.