Астанада әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу және инфрақұрылымын дамыту үшін 57 жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекет мұқтажына алынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласы әкімдігі тиісті қаулы қабылдады. Құжат «Вечерняя Астана» газетінде жарияланған.
Қаулыға тіркелген тізімде Қабанбай батыр даңғылы, әуежай аумағы және Есіл ауданы маңында орналасқан 57 жер учаскесі көрсетілген. Олардың иелері қатарында Астана әуежайы, «Қазцинк», SCAT, Air Astana, «Қазавианавигация» компаниялары және басқа да ұйымдар бар. Сондай-ақ тізімге бір жеке тұлғаға тиесілі жер телімі енгізілген.
Жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі 2027 жылғы 1 ақпан мен 2028 жылғы 1 ақпан аралығында жүргізіледі.
Мемлекеттік органдар қаулы жарияланғаннан кейін үш күнтізбелік күн ішінде жер иелері мен жер пайдаланушыларды хабардар етуге тиіс. Хабарлама алған азаматтар мен ұйымдарға келісу рәсімін бастау үшін 15 күнтізбелік күн беріледі.
Айта кетейік, әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу елорданың әуе инфрақұрылымын жаңғырту жобасының бір бөлігі саналады. 2026 жылғы ақпанда Премьер-министр Олжас Бектенов құрылысты биыл бастау жоспарланғанын мәлімдеген еді.
Үкімет басшысының айтуынша, екінші жолақ пайдалануға берілгеннен кейін әуежайдың жолаушылар өткізу мүмкіндігі жылына 40 миллион адамға дейін артуы мүмкін.