«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығының ұсталуына байланысты оқиғалардан кейін жұмыс режиміне қатысты мәлімдеме жасады. Компания жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы толық көлемде қамтамасыз етіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҚТЖ мәліметінше, тасымалдау процесі үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі мен кестенің орындалуы тұрақты бақылауда. Компания жолаушылар мен клиенттер алдындағы барлық міндеттемесін толық көлемде орындап жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, олар 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған. Іс бойынша өзге де адамдар бар. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» қоры да ресми мәлімдеме жасап, қор мен оның тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Қор инвесторлар, кредиторлар және іскерлік серіктестер алдындағы міндеттемелердің өзгеріссіз қалатынын, инвестициялық жобалар мен стратегиялық бағдарламалар бекітілген жоспарға сәйкес жалғасатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналған Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді. Жиында Мемлекет басшысы ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына байланысты мемлекеттің ұстанымын жеткізіп, заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету және басшылардың жеке жауапкершілігі мәселелеріне назар аударады.