Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі мен жылдамдығы бойынша бірқатар елден озып тұр. Елде бір гигабайт трафиктің орташа бағасы шамамен 30 центті құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен төрт еседен астам төмен. Сонымен қатар мобильді интернет жылдамдығы жөнінен Қазақстан Канада, Ұлыбритания, Италия және Испаниядан алда, деп хабарлайды dalanews.kz.
Finprom.kz сарапшыларының талдауына сәйкес, Қазақстанда бір гигабайт мобильді интернеттің медианалық құны шамамен 0,30 доллар. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 1,23 долларға тең. Broadband Genie зерттеуінде Қазақстан мобильді интернеті ең қолжетімді елдердің арасында 53-орынға жайғасқан.
Тек бағаға қарап интернеттің қолжетімділігін бағалау жеткіліксіз. Себебі абонент үшін тариф құнымен қатар байланыс жылдамдығы мен ұсынылатын трафик көлемі де маңызды. Осы көрсеткіштерді салыстырғанда Қазақстан мобильді интернеті жылдам 55 елдің ішінде айлық тариф бағасы бойынша жетінші орын алған. Елде мобильді интернеттің орташа айлық құны 10,65 долларды құрайды. Ал осы топтағы мемлекеттерде орташа баға 27 доллардан асады.
Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 93 мегабитке жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша ел әлемдік рейтингте 51-орында тұр. Қазақстан Канада, Ұлыбритания, Италия және Испания сияқты мемлекеттерден озып, Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында көш бастап келеді.
Дегенмен жылдам интернеті бар елдердің арасында бағасы Қазақстаннан төмен мемлекеттер де кездеседі. Мәселен, Вьетнам, Грузия және Үндістанда мобильді байланыс жылдамдығы жоғары әрі айлық тариф құны да арзанырақ. Ал Канадада интернет жылдамдығы Қазақстаннан төмен болғанымен, абоненттер байланыс үшін шамамен 5,5 есе көп төлейді.
Қазақстандықтар интернетті әлемдік орташа деңгейден көп тұтынады
Халықаралық электр байланысы одағының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда бір мобильді кеңжолақты интернет абонентіне жылына 283 гигабайт трафиктен келген. Әлемдік орташа көрсеткіш - 184 гигабайт. Яғни қазақстандықтар мобильді интернетті әлемдік орташа деңгейден шамамен 1,5 есе көп пайдаланады.
Ай сайынғы есеппен алғанда, бір абонентке шамамен 23,6 гигабайт трафик тиесілі. Жекелеген операторларда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Мәселен, Tele2 абоненттері биыл айына орта есеппен 40 гигабайт интернет жұмсайды. Kcell және Activ желілерінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы орташа тұтыну 30,4 гигабайт болған. Ал Beeline желісінде екінші тоқсанда бір пайдаланушыға 22,9 гигабайттан келген.
Трафик көлемінің ұлғаюы байланыс операторларына түсетін жүктемені арттырады. Сұранысты қамтамасыз ету үшін базалық станциялар санын көбейтіп, желінің өткізу қабілетін арттыру қажет.
Операторлар желіні жаңғыртуға миллиардтаған теңге жұмсап жатыр
Соңғы үш жарым жылда Kcell және Activ брендтеріне иелік ететін «Кселл» АҚ-ның күрделі шығындары 411,8 млрд теңгеге жеткен. Ал Beeline және izi брендтерінің иесі «КаР-Тел» ЖШС осы кезеңде 288,6 млрд теңге инвестиция салған. Tele2 және Altel операторлары шығындарының нақты көлемін жарияламайды. Дегенмен компания онжылдықтың соңына дейін желіні дамытуға 400 млрд теңгеден астам қаражат бағыттауды жоспарлап отыр.
Жалпы, соңғы үш жылда ақпарат және байланыс саласына салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтаған. Бұл бұған дейінгі үш жылмен салыстырғанда екі еседен астам көп. Инвестицияның бір бөлігі 5G жиіліктеріне арналған лицензияларды сатып алуға жұмсалған. Оның құны шамамен 156 млрд теңгені құрады.
Инвестициялық белсенділік биыл да жалғасып жатыр. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында ақпарат және байланыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға өскен.
Байланыс тарифтері инфляциядан баяу қымбаттаған
Finprom.kz талдауында мобильді байланыс тарифтерінің өзгерісі де қарастырылған. 2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін абоненттік төлем 58,4 пайызға өскен. Ал осы кезеңдегі жалпы инфляция 86,8 пайызды құраған.
Сонымен бірге жекелеген жылдары байланыс қызметтері айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, 2024 жылы ұялы байланыс бағасы 27 пайызға өскен. Бұл сол кезеңдегі жалпы инфляция деңгейінен үш еседен астам жоғары.
Сарапшылардың есебінше, 2020-2025 жылдары бір абонентке шаққандағы интернет трафигі 77 пайызға артқан. Ал абоненттік төлем осы қарқынмен өспегендіктен, бір гигабайттың салыстырмалы құны төмендеген.
Осылайша, Қазақстан мобильді интернеттің бағасы мен жылдамдығының арақатынасы бойынша бірқатар мемлекеттен алда тұр. Алайда сарапшылар желілерді жаңғырту, 5G технологиясын дамыту және трафикке сұраныстың өсуі операторлардан жаңа инвестицияларды талап ететінін ескертеді. Олардың пікірінше, тарифтерді біртіндеп индекстеу байланыс сапасы мен қолжетімділігін сақтаудың бір шарты болуы мүмкін. Бұл ретте табысы төмен отбасылар үшін тарифтердің өсуі айтарлықтай сезілуі ықтимал.