Қазақстанда кәсіпкерлер мен ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға зейнетақы активтерін кеңінен тарту ұсынылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың пікірінше, бұл үшін БЖЗҚ қаражатын банктерге беру тәртібін жетілдіру қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде екінші деңгейлі банктер ұзақмерзімді қаржыландыруға белсендірек араласуы керегін айтты. Әсіресе құрылыс жүргізу, инфрақұрылымды жаңарту және кәсіпорындарды дамытуға арналған жобаларға басымдық беру ұсынылып отыр.
"Ұлттық банкпен бірге банктердің бизнес пен инфрақұрылымдық жобаларды несиелеу мүмкіндігін кеңейтетін қосымша шаралар әзірлеп жатырмыз", – деді агенттік төрағасы.
Қазір зейнетақы қорының активтері экономиканың жекелеген салаларын қаржыландыруға пайдаланылып келеді. Алайда қолданыстағы шарттар банктердің бұл қаражатты нақты секторға белсенді бағыттауына жеткілікті ынта бермейді. Сондықтан бағдарлама талаптарын қайта қарап, қаржы ұйымдары үшін тиімді тетік қалыптастыру көзделген.
Әбілқасымова жеңілдетілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесін «Даму» қоры арқылы субсидиялауды жалғастыру қажет деп есептейді. Бірақ мемлекет көмегі кез келген бастамаға емес, ел экономикасына нақты серпін беретін инвестициялық жобаларға берілуі тиіс.
"Субсидиялау сақталуы керек. Дегенмен мемлекеттік қолдау басым инвестициялық жобаларға шоғырланғаны жөн", – деді ол.