Астанадағы №87 «Қадыр» мемлекеттік балабақшасында тәрбиеленіп жүрген қыз балаға күш қолданылды деген шағымнан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Telegram желісіндегі KöpSöz арнасының мәліметінше, шағым Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан №87 «Қадыр» балабақшасына қатысты түскен.
Баланың туысының айтуынша, бірнеше ай бойы бүлдіршінге мекеме қызметкерлері тарапынан күш қолданылған болуы мүмкін. Әйелдің сөзінше, мұндай жағдайлар бұған дейін де болған. Ал соңғы оқиғада тәрбиеші тағы да балаға күш көрсеткен.
Туысының айтуынша, тәрбиеші өз әрекетін қыз баланың қашуға тырысқанымен түсіндірген. Педагог баланы қолымен абайсызда қағып кеткенін айтқан.
Осы жағдайдан кейін баланың туыстары полицияға арызданған.
Есіл аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Полиция қылмыстық істің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқанын әзірге хабарлаған жоқ.