Артында үш баласы қалды: Қарағанды облысында жоғалып кеткен әйел өлі табылды

Артында үш баласы қалды: Қарағанды облысында жоғалып кеткен әйел өлі табылды
ашық дереккөз

Қарағанды облысында екі айға жуық уақыт бұрын жоғалып кеткен әйел өлі табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

38 жастағы Ирина Керннің сүйегі 13 қарашада Теміртаудан шамамен 22 шақырым жерден табылды. Полицияның мәліметінше, әйелдің денесінен зорлықпен өлтіру белгілері анықталған. Кісі өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ирина 20 қыркүйекке қараған түні жоғалып кеткен. Әпкесінің айтуынша, әйел жоғалар алдында азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасқан. Сол кезде үйде оның ұлы мен барар жері болмағандықтан, паналап жүрген 19 жастағы жетім жігіт те болған.

Таңғы сағат алты шамасында үй іші тынышталып, артынша есік тарс жабылған. Үйдегілер оянғанда, Ирина жоқ болып шыққан. Алайда оның үйден қалай кеткенін ешкім көрмеген.

Әйел жоғалғаннан кейін туыстары оны өздері іздей бастаған, таныстарына хабарласып, болуы мүмкін жерлерді тексерген және сол түні болған оқиғаларды еске түсіруге тырысқан. Полицияға оның жоғалғаны туралы ресми арыз тек 2 қазанда тіркелген.

Кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Марқұмның артында үш баласы қалды.