Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері мал ұрлығынан зардап шегіп отырғанын мәлімдеді. Төрт түлікті күнкөріс көзіне айналдырған ауыл халқы енді қорадағы малын күні-түні күзетуге мәжбүр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Egov.Press жариялаған бейнематериалда айтылды.
Тұрғындардың сөзінше, кейінгі төрт-бес жылда ауданда 500-ге жуық жылқы мен сиыр қолды болған. Мәселен, Саурық батыр ауылында 32 жылқы мен 6 сиыр, Қарасайда 17 жылқы мен 5 сиыр жоғалған. Ал Қарасу ауылынан 45 жылқы ұрланғаны айтылады.
Малынан айырылған тұрғындар Қарасу, Еңбекші, Қызыласкер, Жамбыл, Үшбұлақ, Саурық батыр және Қарасай ауылдарынан жиналған.
Жергілікті тұрғындардың бірі ұрлық көбіне күзде, мал таудан ауылға түсетін кезеңде басталатынын жеткізді.
"Бұл жағдай төрт-бес жылдан бері қайталанып келеді. Ұрлық күзге қарай, мал таудан түскен кезде басталып, қар жауғанға дейін жалғасады. Полицияға хабарласамыз. Қызметкерлер келіп, қажетті мәліметтерді тіркеп, іздеу жүріп жатқанын айтады. Бірақ әзірге нәтиже жоқ", — дейді ол.
Ауыл тұрғындары ұрылар малдың семіз не арық екеніне қарамайтынын, қолайлы сәт туса, айдап әкететінін алға тартты. Сондықтан халық қараусыз қалған малын ғана емес, қорадағы төрт түлігін де күзетуге көшкен.
Жәбірленушілердің бірі оның малын ұрлады деген күдікпен екі адамның ұсталғанын, алайда кейін олардың жауапкершілікке тартылмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілердің жақын туыстары құқық қорғау органдарында жұмыс істеуі мүмкін.
"Екі адам ұсталған еді. Бірақ кейін босатылып кетті. Олардың туыстарының полицияда қызмет ететінін естідік. Сондықтан істің не себепті соңына дейін жеткізілмегенін білгіміз келеді", — деді тұрғын.
Жамбыл ауданының тұрғындары мал ұрлығына қатысы бар адамдарды анықтап, тиісті жазаға тартуды талап етіп отыр. Сондай-ақ олар қылмыстық істердің тергелу барысын тексеріп, күдіктілердің неліктен босатылғанына құқықтық баға беруді сұрады.