Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы жемқорлыққа батқан адамдарды елдің қас жауы деп атап, мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлықты олардың басты дертіне теңеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Президент Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында мәлімдеді. Тоқаев жоғары лауазым иелену үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтып, ешкімнің заңнан жоғары тұрмайтынын ескертті.
«Жоғары лауазымға ие болу - әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл - мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным», - деді Мемлекет басшысы.
Президент соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттардың қайта қаралғанын айтып, олардың бастапқыда жасалуын қате шешім деп бағалады. Сонымен бірге билік кәсіпкерлерге кедергі келтіруді көздемейтінін, керісінше, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Осы орайда Тоқаев келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы бір үш жылдық мораторий жариялау жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» стратегиясының негізгі мәні - заң мен әділеттілік қағидаттарына сәйкес көмекке мұқтаж азаматтар мен кәсіпорындарға қолдау көрсету.
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекеме қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.
«Жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын», - деді Президент.
Тоқаев Бас прокуратураның жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді қайтарғанын да атап өтті. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған. Қазіргі уақытта олардың 383-і, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер мен спорт кешендері салынып біткен.
Президент құрылыс нысандарының сапасына да назар аударды. Оның сөзінше, кейбір нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан қайтарылған қаражат есебінен салынған нысандардың сапасын тексеруге негіз бар.
«Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жемқорлар - біздің қас жауымыз»
Мемлекет басшысы елдің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, бұрынғы жетістіктерге тоқмейілсуге және жұмыста селқостық танытуға болмайтынын ескертті.
«Ал сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер - біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз», - деді Президент.
Тоқаев барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керектігін айтты. Оның сөзінше, бұл - мүлтіксіз орындалуға тиіс талап.
Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Президент комиссия құрамының келесі аптаның басында жарияланатынын жеткізді. Бұл жұмыстың түпкі мақсаты - халықтың әл-ауқатын арттырып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту.
«Осы істе Конституциямызда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары айнымас темірқазығымыз болады. Әрине, бұл жол оңай болмайды. Тіпті түрлі қиындықтар да кездесетіні анық. Халқымыз «Жол мұраты - жету» деп бекер айтпаған. Сондықтан табандылық танытып, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.