Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты «аса күрделі жағдай» деп атады

Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты «аса күрделі жағдай» деп атады
Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компанияларда жемқорлықтың белең алғанын көрсететін аса күрделі оқиға деп бағалап, Конституция талаптарын бұзғандар «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында айтты. Оның сөзінше, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы ақпарат тараған.

«Ашығын айтқанда, бұл - мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», - деді Президент.

Тоқаев тергеу жұмыстары енді басталғанын және заң бойынша тергеу барысына қатысты мәліметтерді жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайтынын атап өтті.

«Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл - біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Конституцияның 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеде заңды күшіне енгенін еске салды. Осылайша, мемлекетіміздің бас құжаты «Халық Конституциясы» деп аталғанын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халықтың осы қасиетті құжатын келемеждеуге немесе кемсітуге ешкімнің құқығы жоқ.

«Конституция - мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл - халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады», - деп мәлімдеді Президент.

Ол мәселе мемлекеттің абыройына, қоғамның ұлттық институттарға деген сеніміне және Қазақстанның халықаралық беделіне тікелей қатысты екенін атап өтті. Осыған байланысты халық атынан билік жүргізуге өкілеттік алған тұлғалар ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуі керек екенін айтты.

«Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл - азаматтық және саяси борышымыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасындағы стратегиялық рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, қор мемлекеттің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыс орнатады.

Мемлекет басшысы мұндай серіктестіктердің артында ұзақ жылдарға созылатын келіссөздер, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі және мемлекет мойнына алған нақты міндеттемелер тұрғанын еске салды.

«Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады», - деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік компаниялардың қызметіндегі заңдылық пен жауапкершілік мәселесі тек ішкі басқару жүйесіне ғана емес, елдің халықаралық беделі мен стратегиялық мүдделеріне де әсер етеді.