Уиткофф пен Кушнер Зеленскимен Дублинде кездесті

Уиткофф пен Кушнер Зеленскимен Дублинде кездесті
Фото: Paul Faith/AFP

Украина президенті Владимир Зеленский 12 қараша күні Ирландияда АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер және Стив Уиткоффпен кездесті. Кездесуде Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің барысы, тұтқын алмасу және Еуропа елдерінің бейбіт келіссөздерге қатысуы талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

AFP агенттігі мен Украинаның «Суспильне» басылымының хабарлауынша, кездесу Дублин маңындағы Балдоннел қаласында орналасқан Кейсмент әскери әуе базасында өтті. АҚШ өкілдері Украина басшысына бұған дейін Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен өткізген кездесудің нәтижелерін жеткізуге тиіс болған. Онда Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеу мәселесі қарастырылған.

Соғыс басталғалы бергі ең ірі тұтқын алмасу болуы мүмкін

Келіссөздерден кейін Владимир Зеленский, Стив Уиткофф және Джаред Кушнер баспасөз алдында мәлімдеме жасады. Украина президентінің айтуынша, Мәскеудегі кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Ресей мен Украина арасында тұтқын алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілуі. Зеленский алдағы алмасу соғыс басталғалы бергі ең ауқымды операция болуы мүмкін екенін айтты.

Сондай-ақ ол АҚШ тарапы Еуропа елдерінің келіссөздерге қатысуы жөнінде де ілгерілеушілікке қол жеткізгенін жеткізді. Келесі кездесуде Еуропа өкілдері келіссөздер тобының құрамына еніп, талқылау барысында өз ұстанымдарын білдіру құқығына ие болады.

Еуропа елдері келіссөздерге қатыса ма?

Еске салайық, 12 қарашада Мәскеуде Дональд Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Бұл кездесу АҚШ-тың араағайындығымен 10-11 қарашада Абу-Дабиде өткен Украина мен Ресей делегацияларының екі күндік келіссөздерінен кейін ұйымдастырылды.

«Суспильне» мәліметінше, Мәскеудегі кездесуде Константиновкадағы гуманитарлық операция, тұтқын алмасу және Украина аумағындағы еуропалық әскери контингент мәселелері де сөз болған. Ал Зеленскийдің Уиткофф және Кушнермен кездесуіне Еуропа өкілдері қатыспаған.

Бұған дейін, арнайы өкілдермен жүздеспес бұрын, Украина президенті Дублинде Еуропаның төрт жетекші елі – Ұлыбритания, Германия, Франция және Италияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен, сондай-ақ Еуропалық комиссия мен Еуропалық кеңес өкілдерімен кездескен.

Зеленский Telegram-дағы жазбасында серіктестеріне америкалық тараппен диалогқа қатысқаны, сындарлы ұстанымы мен қолдауы үшін алғыс білдірген.