Сот журналист Вадим Борейкодан 43 млн теңгеден астам қаражат өндіруді міндеттеді

Сот журналист Вадим Борейкодан 43 млн теңгеден астам қаражат өндіруді міндеттеді
Фото: forbes.kz

Алматы соты журналист әрі блогер Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 млн теңгеден астам шығын төлеуге міндеттеді. Бұған оның әлеуметтік желіде тұрғын үй кешенінің құрылысы заңсыз жүргізіліп жатқаны туралы таратқан ақпараты себеп болған. Сот бұл мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот мәліметінше, Борейко өзінің "Гиперборей" YouTube-арнасы мен Instagram парақшасында тұрғын үй кешенінің құрылысы заңсыз жүргізіліп жатқанын және құрылыс компаниясында қажетті рұқсат құжаттары жоқ екенін айтқан.

Алайда сот тараптардың дәлелдері мен сараптама қорытындыларын зерттеп, журналист жариялаған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді әрі компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтірді деген қорытындыға келді.

Экономикалық сараптама құрылыс компаниясына келген шығын көлемін 43 млн теңгеден астам деп есептеген. Осыған байланысты сот Борейкодан аталған соманы және сот шығындарын өндіріп алуды міндеттеді.

Сонымен қатар сот шешімі күшіне енгеннен кейін журналист 10 күн ішінде YouTube пен Instagram-да теріске шығару жариялап, даулы жазбалар мен бейнеүзінділерді өшіруге тиіс.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.