Бизнес Үкіметтен салық шегеріміне салынған тыйымды кері күшпен жоюды сұрады

Бизнес Үкіметтен салық шегеріміне салынған тыйымды кері күшпен жоюды сұрады
pixabay.com

Қазақстандық кәсіпкерлер 2027 жылы оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін компаниялармен жасалған B2B мәмілелер бойынша салық шегеріміне тыйымды алып тастауды ұсынып отыр. Бизнес бұл өзгерісті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, яғни кері күшпен қолдануды сұрайды. Қазір ұсыныс Үкімет қарауында, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аталған шектеу жаңа Салық кодексі күшіне енген 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастады. Соның салдарынан жалпыға бірдей салық режиміндегі компаниялар оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер бойынша шығындарды салық шегеріміне жатқыза алмайды.

Кәсіпкерлер бұл талапты өзгерту қажет деп санайды. Олардың пікірінше, егер шегерімдерге қатысты тыйым алынып тасталмаса, 2026 жылы жұмысын жалғастырған кәсіпорындар келесі жылдың наурыз-сәуір айларында салық төлеу кезінде қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін.

Uchet.kz компаниялар тобының негізін қалаушы, салық сарапшысы Максим Барышевтің айтуынша, бизнес өз ұсыныстары мен негіздемелерін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Respublica партиясы және басқа да ұйымдар арқылы Үкіметке жолдаған.

«Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Respublica партиясы және басқа партиялар арқылы барлық негіздемелерімізді ұсындық. Оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлермен жасалған B2B мәмілелері бойынша шегерімдерді жалпыға бірдей салық режиміндегі компанияларға қайтару қажет. Қазіргі уақытта Үкімет бұл мәліметтерді алды», - деді Максим Барышев.

Сарапшы бұл ұсыныс 2026 жылдың қараша айының соңына дейін Құрылтайға енгізілуі тиіс Салық кодексіне түзетулер жобасына енгізіледі деп үміттенеді.

«Егер қазір B2B мәмілелері бойынша салық шегерімдері қайтарылмаса, 2026 жылы жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпкерлерге 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында салық төлеуге қаражат жетпеуі мүмкін. Өйткені олар оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер бойынша табыс салығын төлеуге мәжбүр болады», - деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек, бизнес салық жүйесін жетілдіруге қатысты тағы екі ұсыныс жасаған. Біріншісі - жалақы қорынан бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төленетін салықтар мен міндетті төлемдерді қысқартып, оларды түсінікті бірыңғай салыққа біріктіру.

Екінші ұсыныс кәсіпкерлерді тексеру және бақылау жүйесін қайта қарауға қатысты. Максим Барышевтің пікірінше, бақылау тетіктері де жүйелі түрде пысықталуы керек.

Кәсіпкерлердің ұсыныстары Үкіметтің қарауында. Олардың қабылдануы Салық кодексіне енгізілетін түзетулерге байланысты болмақ.