Қазақстандағы шағын және орта кәсіп иелерінің бір бөлігі 2027 жылдың көктемінде жұмысын тоқтатуы мүмкін. Салық консультанты әрі кәсіпкер Дмитрий Казанцев мұны жаңа Салық кодексінен кейін бизнеске түсетін салмақтың артуымен байланыстырады, деп хабарлайды dalanews.kz ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшының айтуынша, жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі кәсіпкерлер 2026 жылдың қорытындысы бойынша салықты 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында төлейді. Сол кезде бірқатар компанияның қаржылай жағдайы қиындап, қызметін жалғастыруға мүмкіндігі қалмауы мүмкін.
"Қазір бизнестің, әсіресе шағын кәсіп иелерінің жағдайы күрделі. Жұмысын жалғастырып отырғандардың өзі табысының едәуір бөлігін жоғалтты", – дейді Дмитрий Казанцев.
Оның сөзінше, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер кәсіпкерлердің шығынын арттырып, тауар мен қызмет бағасына тікелей әсер еткен. Бұған дейін жеңілдетілген режиммен 3 пайыз салық төлеген кейбір кәсіп иелері енді басқа режимге ауысуға мәжбүр.
"Бұрын кәсіпкер 3 пайыз төлейтін. Қазір жеке кәсіпкер үшін салық 10 пайызға, ал жауапкершілігі шектеулі серіктестік үшін 20 пайызға дейін жетеді. Айналымы 40 млн теңгеден асса, оған 16 пайыздық қосылған құн салығы қосылады. Нәтижесінде салық жүктемесі 26–36 пайызға дейін өсуі мүмкін", – деп түсіндірді ол.
Казанцевтің негізгі кәсібі консалтинг пен жарнама саласына байланысты. Оның айтуынша, салық көлемі артқанымен, қызмет бағасын бірден көтеру мүмкін болмаған.
"Бағаны 26 пайызға өсіре алмадым. Өйткені менімен ұзақ жылдан бері жұмыс істейтін клиенттер бар. Оларға бір күнде жаңа талап қоя алмаймын. Соның салдарынан табысым азайды. Сатылымнан пайыз алатын менеджерлерімнің де кірісі төмендеді. Олар бұрынғыдай тауар сатып ала алмайды. Мұндай жағдай қазір бизнестің барлық саласында байқалады", – деді сарапшы.
Жаңа талаптардың бірі жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компаниялардың жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет сатып алуға жұмсаған қаражатын салықтық шегерімге жатқызуына шектеу қойды. Соның салдарынан ірі компаниялар жеңілдетілген режимдегі шағын кәсіп иелерімен әріптестікті азайта бастаған.
Сарапшы жыл басынан бері жабылған 350 мыңнан астам кәсіптің барлығын «жұмыс істемеген компаниялар» деп бағалаумен келіспейді.
"Мен тек сарапшы емес, кәсіпкермін. Биыл рентабельділігін жоғалтқан үш бизнесімді жабуға тура келді. Мұндай жағдайға тап болғандар аз емес. Мәселе кәсіпорындардың жабылуында ғана емес, жұмыс істеп тұрған бизнестің де табыс әкелмеуінде", – деді Дмитрий Казанцев.