Telegram-да радикалды идеология таратқан күдікті Алматыда ұсталды

Telegram-да радикалды идеология таратқан күдікті Алматыда ұсталды
видеодан кадр

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері діни экстремизмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде жүріп, радикалды идеяларды таратқан. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарды басқарып, онлайн дәрістер өткізген. Бұған дейін оның бірқатар аудиодәрісі сот шешімімен экстремистік материалдар деп танылған.

Сондай-ақ күдіктінің шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталды. Ол 2024–2025 жылдары жақтастарынан 60 миллион теңгеден астам қаражат жинаған.

11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ер адам Алматы қаласында ұсталды. Сонымен қатар Алматы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазбалар тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ оның ықтимал сыбайластары мен өзге де қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.