АҚШ-та барлық әуежайдан ұшуға қойылған уақытша тыйым алынды

АҚШ-та барлық әуежайдан ұшуға қойылған уақытша тыйым алынды
pixabay.com

АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) елдегі барлық әуежайдан ұшатын ұшақтарға енгізілген уақытша шектеуді алып тастады. Бұған дейін ауқымды телекоммуникациялық ақауға байланысты әуе қатынасына шектеу қойылып, мыңдаған рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған еді. Бұл туралы реттеуші органның ресми хабарламасында айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шектеу 13 қарашада диспетчерлер мен ұшқыштар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық жүйелерде күрделі ақау пайда болғаннан кейін енгізілді. FAA қауіпсіздік мақсатында барлық әуежайда ұшақтардың ұшуын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Ауада жүрген ұшақтарға рейстерін жалғастырып, межелі жерге қонуға рұқсат берілді. Ал халықаралық рейстерге қатысты шешімдер жеке тәртіппен қаралды.

Ұшуға қойылған шектеу 4 сағат 26 минутқа созылды. Ол АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен 15:53-те (Қазақстан уақытымен 14 қараша, 01:53) күшіне еніп, 20:19-да (Қазақстан уақытымен 06:19) алынып тасталды.

10 мыңнан астам рейс кешіктірілді немесе тоқтатылды

FlightAware сервисінің мәліметінше, АҚШ-тағы ақау салдарынан 9 917 рейс кешіктіріліп, тағы 733 рейс тоқтатылған. Осылайша, жалпы саны 10 650 рейстің кестесі бұзылған.

Ақау әуе қозғалысын басқару жүйелеріне де әсер еткен. Мәліметтерге сәйкес, елдегі 22 өңірлік әуе қозғалысын басқару орталығының радарлары мен радиожиіліктерінде бір мезгілде іркіліс болған.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, алғашқы техникалық ақаулар Чикагода байқалып, кейін байланыс мәселесі басқа диспетчерлік орталықтарға да таралған. Соның салдарынан әуежайларда жолаушылар ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болған.

АҚШ билігі не дейді?

АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік министрі Марквейн Маллин тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Оның айтуынша, билік жағдайды бақылауда ұстап отыр және әуеде жүрген барлық ұшақтың қозғалысы қадағаланған.

Министр сол кезде ақаудың қасақана жасалған шабуылдан болғанын көрсететін белгілер жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен мамандар оқиғаның нақты себептерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

АҚШ көлік министрі Шон Даффи де FAA мамандарының техникалық ақауды тергеуге кіріскенін растады.

Кейін FAA ел бойынша ұшуға қойылған уақытша тыйымның күшін жойып, әуе қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.