Қазақстанда пәтерлер мен жеке үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазір еліміздегі тұрғын үй қорының небәрі 3,2 пайызы ғана сақтандырылған. Ал Қазақстан аумағының шамамен 75 пайызы табиғи апаттар қаупіне ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл бастама XIV Қазақстан қаржыгерлер конгресінде таныстырылған 2026–2030 жылдарға арналған сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасына енгізілген. Бағдарламада жалпы саны 18 бастама қарастырылған.
Агенттік төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, міндетті сақтандыру жүйесі табиғи апат салдарынан тұрғын үйге келген шығынды өтеу тетігін қалыптастыруға бағытталған. Қазір мұндай жағдайларда азаматтарға көмек көрсету шығындарының едәуір бөлігін мемлекет көтереді. Жаңа жүйе бойынша өтемақы қаражаты алдын ала жиналатын сақтандыру жарналары есебінен қалыптастырылмақ.
Алайда әзірге бұл – реттеушінің ұсынысы мен жоспары. Міндетті сақтандыру күшіне енген жоқ.
Автосақтандыру тәртібі де өзгеруі мүмкін
Бағдарлама аясында көлік иелеріне қатысты сақтандыру жүйесін де жаңарту көзделген.
Қазір жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен азамат өтемақы алу үшін апатқа кінәлі жүргізушінің сақтандыру компаниясына жүгінеді. Болашақта оған өз сақтандыру компаниясынан төлем алуға мүмкіндік берілмек. Ал сақтандыру ұйымдары өзара есеп айырысуды өздері жүргізеді.
Сонымен қатар көлік иелеріне бүлінген автокөлік үшін ақшалай өтемақы алу немесе сақтандыру компаниясымен жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету станциясында жөндету мүмкіндігі ұсынылмақ.
Жөндеу құнына қатысты дауларды азайту үшін қосалқы бөлшектер мен жөндеу жұмыстары бағасының бірыңғай анықтамалығы жасалады.
Міндетті сақтандыру полистерінің бағасын белгілеу тәртібін өзгерту де ұсынылып отыр. Реттеуші тарифтердің белгілі бір шегін бекітіп, оның аясында сақтандыру компанияларына клиенттің жеке тәуекелдеріне қарай баға белгілеуге мүмкіндік беруді көздейді.
Зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлері ұсынылады
Бағдарламада өндірістегі жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді сақтандыру тәртібін жетілдіру де қарастырылған. Кәсіби тәуекелдерді бағалау және сақтандыру полисінің құнын есептеу тәсілдері өзгеруі мүмкін.
Бұдан бөлек, зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлерін енгізу жоспарланып отыр. Олар өмір бойы төленетін кепілдендірілген төлемдер мен инвестициялық табысты біріктіреді. Клиенттер осы екі бөліктің үлесін өздері таңдай алады.
Сақтандыру делдалдарының қызметіне де талап күшейтілмек. Енді компаниялар сақтандыру агентінің полисті рәсімдегені үшін алатын комиссия мөлшерін шартта көрсетуге міндеттеледі. Сондай-ақ сақтандыру жағдайларын рәсімдеуге және төлем алуға көмектесетін делдалдарды міндетті тіркеу және олармен жазбаша келісімшарт жасау талаптары енгізілмек.
Сақтандыру қызметтерін цифрландыру да жоспарланған. Бірыңғай сақтандыру деректер базасын дамыту және сақтандыру маркетплейстерінің құқықтық мәртебесін заңмен бекіту көзделіп отыр. Бұл платформалар арқылы азаматтар түрлі компаниялардың ұсыныстарын салыстырып, полисті онлайн таңдай алады.
Қазақстанда сақтандыру нарығы қаншалықты өсті?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2022 жылдың басынан бері сақтандыру компанияларының активтері 1,8 триллион теңгеден 4,8 триллион теңгеге дейін өскен.
Осы кезеңде сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 591,7 миллиард теңгеден 1,4 триллион теңгеге, ал клиенттерге төленген өтемақы 135,9 миллиард теңгеден 417,9 миллиард теңгеге жеткен.
Соған қарамастан, Қазақстанда сақтандыру қызметін пайдалану деңгейі әлі де төмен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің 1,22 пайызына тең болған. Дамушы елдердегі орташа көрсеткіш – 2,7 пайыз, ал дамыған мемлекеттерде – 6,7 пайыз.
Сақтандыру нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру үшін жаңа заң жобасы әзірленген. Оны жыл соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізу жоспарланып отыр.