Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған атыраулық сарбаз Бекет Қуандыққа «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалі табысталды. Марапатты жауынгерге Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов салтанатты түрде тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бекет Қуандық Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградаға ие болған.
Бұған дейін жас сарбаз Каспий теңізінде болған қайғылы төтенше жағдай кезінде аман қалған еді. Аталған оқиғада оның қаруластары қаза тапқан. Президент сарбаздың қиын сәтте көрсеткен қайсарлығы мен табандылығын жоғары бағалап, «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдаған.
Мемлекеттік награданы табыстау рәсіміне Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысып, жауынгерге медальді ресми түрде тапсырды.
Салтанатты шарадан кейін Бекет Қуандық әлеуметтік желідегі парақшасында марапаттау рәсімінен түсірілген фотосуреттерді жариялады. Жас сарбаз өз жазбасында Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғаны еске алып, сол күні өмірден өткен қаруластарына құрмет білдірген.
«Теңізден аман оралған күн — өмірімдегі ең ұмытылмас сәттердің бірі. Бұл марапат — үнсіз қалған ерліктің белгісі. Жатқан жерлері жарық болсын, қаруластарым!» – деп жазды Бекет Қуандық.
Осылайша, сарбаз мемлекеттік марапат алған сәтінде қаза тапқан қызметтес жолдастарын ұмытпағанын жеткізді.
Айта кетейік, «Ерлігі үшін» медалі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының бірі. Ол азаматтарға батылдық пен жанқиярлық танытқаны үшін беріледі.