Зайсандағы көне қорғандар қазылды: әкімдік тексеру жүргізіп жатыр

Зайсандағы көне қорғандар қазылды: әкімдік тексеру жүргізіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінде жер қазу жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік желілерде тарихи ескерткіштерге зақым келуі мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін оқиға орнына полиция мен тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары барған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, 2026 жылғы 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, кешен аумағында қазылған шұңқырларды «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен көму жұмыстары жүргізілгенін анықтаған.

Оқиға орнындағы азаматтардың жеке басы анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелген.

Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археологтар, әкімдік пен полиция өкілдері аумақты бірлесіп тексерген. Жер қазу іздері фото және бейнежазбаға түсіріліп, арнайы акт жасалған.

Алайда қар жамылғысына байланысты қорғандардың қазіргі жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтау мүмкін болмаған.

Қорғандар көктемде қайта тексеріледі

Әкімдік мәліметінше, 2027 жылдың көктемінде археологиялық кешен аумағына қосымша тексеру жүргізіледі. Қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылған. Заң бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қабылданады.

Қазір тарихи ескерткіштерді заңсыз қазу мен вандализм әрекеттерінің алдын алу мақсатында бақылау күшейтіліп жатыр.

Өңірде ашық аспан астындағы музей кешені құрылуы мүмкін

Облыс әкімдігі «Шағаноба» қорғандарының табиғи қалпы мен тарихи келбетін сақтай отырып, аумақта заманауи ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Бұл мәселе әзірге келісу сатысында.

Жоспарланған бастама тарихи жәдігерлерді көпшілікке таныстыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және өңірдің археологиялық мұрасын сақтауға бағытталған.

Әкімдік археологиялық мұраны зерттеу мен сақтау жұмыстары Шілікті, Берел, Елеке сазы және Ақбауыр ескерткіштерінде жинақталған тәжірибеге сүйене отырып жалғасатынын атап өтті.

«Тарихи мұраға қол сұғуға жол берілмейді. Осы мәселеге қатысты барлық жұмыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында», – делінген ресми ақпаратта.