Ресейде ұшақ бортында жанжал шығарып, әуе кемесін басып алмақ болды деген күдікке ілінген 42 жастағы ер адам ұсталды. БАҚ мәліметінше, ол – Қазақстанның тумасы, деп хабарлайды dalanews.kz.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, ұшақ ұшар алдында полицияға әуе кемесін басып алу қаупі туралы хабарлама түскен. Осыдан кейін бортқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, Мәскеу облысының 42 жастағы тұрғынын ұстаған. Ер адамнан мас күйінің белгілері байқалған. Тексеру барысында одан қауіпті заттар табылмаған.
Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталған азамат алты тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Сонымен қатар оған қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр. Ал 112 Telegram-арнасының жазуынша, ер адам Қазақстанда туған. Арнаның мәліметінше, ол бұған дейін ұрлық және адам өлтіремін деп қорқыту деректері бойынша сотталған.
Оқиға салдарынан әуе рейсі екі сағатқа кешіктірілген.