«Қаласам, кез келген уақытта қоямын»: дәрігер тәуелділіктің алғашқы белгілерін атады

«Қаласам, кез келген уақытта қоямын»: дәрігер тәуелділіктің алғашқы белгілерін атады
ЖИ/dalanews

Елімізде алкоголь мен есірткіге тәуелділік мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша 4 772 адам осы диагноздармен есепте тұр. Олардың арасында жасөспірімдер де бар. Мамандарды әсіресе синтетикалық есірткілердің қолжетімділігі, жастар арасында психобелсенді заттарды қолдану көрсеткішінің өсуі және тәуелді адамдардың дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеуі алаңдатады. Dalanews.kz тілшісі Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісі, психиатр-нарколог Айбек Ибраевпен сұхбаттасып, тәуелділіктің алғашқы белгілері, оның адам психикасына әсері және емделу жолдары туралы сұрады.

Айбек Ибраев (жеке архив)

Алматыда 4 772 адам тәуелділік бойынша есепте тұр

Дәрігер еліміздегі алкоголь мен есірткіге тәуелділікке қатысты жағдайға тоқталды. Бұл тек медициналық мәселе емес, сонымен қатар әлеуметтік және қоғамдық денсаулық сақтау саласына тікелей әсер ететін проблема.

Қазіргі уақытта қала бойынша алкоголь мен есірткіге тәуелділік диагнозымен жалпы 4 772 адам есепте тұр. Оның ішінде 3 636 адам алкогольге, 1 136 адам есірткіге тәуелді.

Есепте тұрғандардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Олардың жалпы саны – 15. Атап айтқанда, бесеуі алкогольге, алтауы есірткіге, төртеуі токсикоманияға байланысты есепке алынған.

«Қазіргі кезде алкоголь мен есірткіге тәуелді науқастардың саны көбейіп келе жатыр. Біз байқайтын тағы бір жайт – көмекке жүгінетіндердің арасында еңбекке қабілетті жастағы, әлеуметтік тұрғыдан белсенді, отбасылы азаматтар көп. Жас ерекшелігіне келетін болсақ, жастар арасында психобелсенді заттарды қолдану көрсеткіштері статистикалық тұрғыдан жыл сайын өсіп келеді», – дейді Айбек Ибраев.

Маманның сөзінше, мәселенің күрделене түсуіне синтетикалық есірткілердің қолжетімділігі мен олардың адам ағзасына, әсіресе психикасына жылдам әсер етуі себеп болып отыр.

Сонымен қатар жасөспірімдерге қатысты ресми статистикаға ғана сүйеніп, жағдайды толық бағалау қиын. Себебі олардың арасында анықталмай, медициналық көмекке жүгінбей жүргендер болуы мүмкін.

Дәрігердің түсіндіруінше, ата-аналардың бір бөлігі баласының мұндай мәселеге тап болғанын мойындағысы келмейді. Кейбірі диспансерлік есепке қойылудан қорқып, мамандарға жүгінуді кейінге қалдырады. Сондықтан нақты жағдай ресми есепте көрсетілген көрсеткіштен өзгеше болуы ықтимал.

Тәуелділік адамның психикасын қалай өзгертеді?

Алкоголь мен есірткі ең алдымен адамның миына әсер етеді. Соның салдарынан ойлау қабілеті, есте сақтау функциясы, эмоцияны басқару және шешім қабылдау үдерістері бұзылады.

Психиатр-наркологтың айтуынша, психобелсенді заттарды ұзақ уақыт қолдану адамның психикалық жағдайына елеулі өзгерістер әкелуі мүмкін.

Олардың қатарында депрессия, мазасыздық, үнемі қорқыныш пен үрей сезімі, ішкі тынышсыздық және өмірге деген қызығушылықтың төмендеуі бар.

«Ұзақ уақыт қолданудың салдарынан психикалық бұзылыстар пайда болуы мүмкін. Адамның көңіл күйі түсіп, өмірге деген қызығушылығы азаяды, үмітсіздік сезімі қалыптасады. Сонымен қатар мазасыздық, қорқыныш, ішкі тынышсыздық байқалады. Ал кейбір жағдайларда психоз дамуы мүмкін. Бұл кезде сандырақтау, галлюцинация сияқты белгілер көрініс береді, яғни адамның шынайы жағдайды қабылдауы бұзылады», – дейді дәрігер.

Бұдан бөлек, адамның зейіні төмендеп, есте сақтау қабілеті нашарлауы мүмкін. Кейбір науқастардың интеллектуалдық функцияларында да өзгерістер байқалады.


ЖИ/dalanews

Жақын адамыңыздың тәуелділікке ұшырағанын қалай байқауға болады?

Тәуелділікке шалдыққан адам өзінің жағдайын бірден мойындай бермейді. Сондықтан алғашқы өзгерістерді көбіне оның жақындары, отбасы мүшелері немесе бірге жұмыс істейтін адамдар байқайды.

Маманның айтуынша, ең алдымен адамның бұрынғы мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару қажет.

Мәселен, бұрын сабырлы болған адамның ашушаң, агрессивті, шыдамсыз болып кетуі, болмашы нәрсеге шамдануы немесе айналасындағы адамдардан оқшаулануы алаңдатарлық белгі болуы мүмкін.

Сондай-ақ мынадай өзгерістерге мән берген жөн:

  • есте сақтау қабілетінің нашарлауы;
  • зейіннің төмендеуі;
  • көңіл күйдің жиі өзгеруі;
  • негізсіз ашулану мен агрессия;
  • отбасынан және достарынан алыстау;
  • бұрын қызығушылық танытқан істеріне немқұрайлы қарау;
  • алкоголь немесе есірткі қолдануға байланысты өтірік айту, оны жасыру;
  • затты қолдану туралы ойлардың жиілеуі.

Дегенмен бұл белгілердің барлығы міндетті түрде тәуелділікті білдірмейді. Нақты диагнозды тек тиісті маман қоя алады.


ЖИ/dalanews

Неліктен жастар арасында тәуелділік қаупі артып отыр?

Дәрігер тәуелділіктің қалыптасуына бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Олардың қатарында психологиялық және әлеуметтік жағдай, отбасындағы ахуал, психологиялық күйзеліс және психобелсенді заттардың қолжетімділігі бар.

«Қазіргі таңда алкоголь мен психобелсенді заттардың қолжетімділігі де маңызды факторлардың бірі. Сонымен қатар адамдардың арасында психологиялық күйзеліс, түрлі қиындықтар жиі кездеседі. Кейбірі осы мәселелерін жасырып, өз бетінше шешуге тырысады. Осындай жағдайлар тәуелділіктің қалыптасу қаупін арттырады», – дейді маман.

Әсіресе жасөспірімдерге ерекше назар аудару қажет. Себебі олардың психологиялық тұрғыдан қалыптасу кезеңінде қоршаған ортаның, достарының және отбасының ықпалы зор.

Маманның пікірінше, ата-аналар баласының мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауы керек. Егер бала тұйықталып, ашушаң болып, бұрынғы әдеттерінен бас тартып, күмәнді ортаға жиі араласа бастаса, оның себебін анықтауға тырысқан жөн.

Сізді алаңдатуы қажет белгілер

Тәуелділікке шалдыққан адамдардың көпшілігі өзінің ауру екенін мойындай бермейді. Көбіне «қаласам, кез келген уақытта қоямын», «бәрі өзіме байланысты» деген уәж айтады.

Алайда дәрігер мұны тәуелділік кезінде адамның өзін-өзі бақылау қабілетінің төмендеуімен байланыстырады.

Мәселен, адам алкогольді немесе есірткіні аз мөлшерде қолданамын деп бастап, соңында жоспарлағанынан әлдеқайда көп пайдалануы мүмкін. Уақыт өте келе психологиялық тәуелділік қалыптасады. Адамның ойы үнемі ішімдік немесе есірткі төңірегінде болады. Ал қолданбай қалған кезде мазасызданып, ашуланып, қажетті затты іздеуге кіріседі.

Мұндай жағдайда жақындарының әрекеті де маңызды.

«Тәуелді адамды ешқашан жазғыруға болмайды. Мұны мінез-құлықтың әлсіздігі немесе ерік-жігердің жоқтығы деп қарастыру дұрыс емес. Бұл – ауру. Сондықтан адамға кәсіби көмек қажет екенін түсіндіру керек», – дейді Айбек Ибраев.

Маманның айтуынша, туыстары тәуелді адамның орнына барлық мәселені шешіп, оның әрекеттерінің салдарын үнемі жасырып, жауапкершіліктен босатпауы керек. Керісінше, алкоголь немесе есірткі қолданудың жұмысына, отбасына және әлеуметтік өміріне тигізген нақты зардаптарын байыппен түсіндірген жөн.

Ең бастысы – қысым көрсетпей, маманның көмегіне жүгінуге ынталандыру.

Есепке қойылудан қорқудың қажеті бар ма?

Тәуелділікке тап болған азаматтар мен олардың туыстарының медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдыруына себеп болатын мәселелердің бірі – диспансерлік есепке қойылудан қорқу.

Әсіресе ата-аналар баласының болашақта жұмысқа орналасуына немесе қоғамдағы ортасына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

Айбек Ибраевтың айтуынша, мұндай қорқыныштың салдарынан кейбір отбасылар мәселені жасырып, кәсіби көмекті кеш іздейді. Алайда тәуелділікті жасыру оны шешпейді, керісінше жағдайды ушықтыруы мүмкін.

«Ең бастысы – проблеманы жасырмай, көмек іздей білу. Мамандарға бір рет кеңес алуға келген адамның өзі жағдайға басқа көзқараспен қарай бастауы мүмкін. Бізде алғашқы консультациядан кейін де науқастардың түсінігі өзгеріп, емделуге деген көзқарасы қалыптасады», – дейді дәрігер.

Маманның сөзінше, орталықта ақылы бөлім арқылы да медициналық көмек көрсетіледі. Бұл бөлімде емделушілер диспансерлік есепке алынбай, құпиялылық сақтала отырып көмек ала алады.

Ал диспансерлік есепте тұрған науқастардың да белгілі бір талаптар мен медициналық көрсеткіштерге сәйкес ремиссия сақталған жағдайда есептен шығу мүмкіндігі бар.

Сондықтан есепке қойылудан қорқып, медициналық көмектен бас тарту дұрыс шешім емес.

Тәуелділіктің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?

Алматыда алкоголь мен есірткіге тәуелділіктің алдын алу бағытында да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.

Дәрігердің айтуынша, профилактикалық іс-шаралар Полиция департаментімен бірлесіп, сондай-ақ мектептер мен колледждерде ұйымдастырылады. Оқу орындарында психобелсенді заттардың зияны туралы түсіндіру жұмыстары, лекциялар өткізіледі.

Бұдан бөлек, орталықта ашық есік күндері ұйымдастырылып тұрады. Бұл шараларға тәуелділік мәселесіне тап болған азаматтар мен олардың туыстары келіп, қандай медициналық көмек көрсетілетінін және емдеу тәсілдерін біле алады.

Сондай-ақ әр сенбі сайын алкогольге тәуелді адамдарға арналған анонимді клуб жұмысы жүргізіледі. Онда психологиялық тренингтер, сауықтыру және ағарту бағытындағы іс-шаралар өткізіледі.

Маманның айтуынша, тәуелділікпен күресте ең маңыздысы – ауруды ерте анықтау, оны жасырмау және уақытылы кәсіби көмекке жүгіну.

Өйткені тәуелділік адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасына, жұмысына және тұтас әлеуметтік өміріне әсер етеді. Ал дер кезінде басталған ем адамның қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді.