Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Дели қаласына барды. Сапар аясында Мемлекет басшысы пленарлық отырыста сөз сөйлеп, бірқатар екіжақты кездесу өткізеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
БРИКС саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады. Кездесу барысында қазақ-америка стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен оны одан әрі нығайту перспективалары талқыланды. Серджио Гор екі ел көшбасшылары арасындағы тығыз әрі сенімге негізделген байланыстардың арқасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Кездесуде сауда-экономикалық байланыстар, инвестиция, жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимылдың келешегі де қарастырылды. Қазақстан Президентінің халықаралық серіктестермен тікелей диалогқа және нақты нәтижеге бағытталған ұстанымы осы бағыттардағы ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының көпвекторлы сыртқы саясатының қазіргі нәтижелері мен қазақ-америка стратегиялық серіктестігінің әлеуетін Тәуелсіз халықаралық қатынастар және экономикалық саясат жөніндегі сарапшы Ерік Батырханов бағалады.
— Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары арасындағы тығыз әрісенімді байланыстардың арқасындаекіжақты қатынастар бұрын-соңдыболмаған жоғары деңгейге жеткенін атапөтті. Бұл бағалау Президент Қасым-ЖомартТоқаевтың АҚШ-пен саяси диалогтыдамытудағы рөлін қалай көрсетеді?
— Серджио Гордың бұл бағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұзақ уақыттан бері қалыптастырып келе жатқан саяси ұстанымымен үндеседі. Мемлекет басшысы тәуекелдерді азайтып, нақты мәселелерді жедел ілгерілетудің тиімді жолы ретінде көшбасшылар арасындағы тікелей диалогқа басымдық береді. Бұл тәсіл АҚШ-пен ғана емес, Қытаймен, Еуропалық Одақпен және Ресеймен қарым-қатынаста да көрініс тауып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген көпвекторлы саясаты да дәл осы қағидаға негізделеді: ең жоғары деңгейдегі тікелей байланыстар арқылы әріптестікті дамыту. Бұл ретте көшбасшылар арасындағы сенім түпкі мақсат емес, нақты нәтижеге жеткізетін құрал. Ол нақты сауда, инвестициялық және технологиялық келісімдерді үйлестіру кезіндегі кедергілерді азайтып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
— Серджио Гордың Президент Дональд Трамптың жеке жолдауын Қасым-ЖомартТоқаевқа жеткізуі және Мемлекетбасшысының АҚШ Президентін Қазақстанға шақыруын растауы екі ел арасындағысаяси байланыстың қазіргі деңгейі туралынені аңғартады?
— Бұл – шын мәнінде маңызды сигнал. Егер Трамп шақыруды қабылдап, Қазақстанға келсе, бұл тарихи сапар болмақ. Дипломатиялық қатынастар орнағанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де, АҚШ-тың бірде-бір қазіргі президенті Қазақстанға ресми сапармен келген жоқ. 2006 жылы АҚШ вице-президенті Дик Чейни Қазақстанға келген болатын, алайда АҚШ президенті деңгейінде мұндай сапар осы уақытқа дейін болған емес.
Трамп пен Тоқаев арасындағы жеке байланыстардың қалыптасу барысын ескерсек, мұндай сапардың жүзеге асу мүмкіндігі бар. Оның нақты мерзімі туралы болжам жасамаймын, дегенмен ықтимал сапар екіжақты қарым-қатынастар үшін елеулі әрі тарихи маңызы бар оқиға болары сөзсіз.
— Кездесуде сауда-экономикалықбайланыстардың қарқынды дамып кележатқаны айтылды. Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктіңқазіргі деңгейі сауда, инвестиция және бірлескен жобалар үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін?
— Динамика біркелкі болмағанымен, жалпы алғанда оң үрдіс байқалады. 2024 жылы тауар айналымы 4,2 млрд долларды құрап, 4% өсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,19 млрд долларға дейін төмендеді. Бұған АҚШ-тың тарифтік саясаты мен мұнай бағасының өзгеруі әсер етті. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өсім қайта байқалды: тауар айналымы 1,9 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%артты.
Ресми деректерге сәйкес, АҚШ-тың Қазақстан экономикасына салған жинақталған инвестиция көлемі 60 млрд доллардан асады. Қазір елімізде 600-ден астам америкалық компания жұмыс істейді. Қараша айындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары барысында 29 келісімге қол қойылып, олардың жалпы құны 17 млрд доллардан асты. Бұл көрсеткішті Президент сапар қорытындысы бойынша өзі атап өтті.
Перспективалы бағыттар да айқын.Стратегиялық маңызы бар металдар, Орта дәліз арқылы өтетін логистика және энергетика саласы осының дәлелі.
— Кездесу барысында жасанды интеллект пен цифрландыру ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде атап өтілді. Қазақстанның бұл салалардағы әлеуетін ескерсек, АҚШ-пен әріптестікті тереңдету қандай нақты экономикалық нәтижелерге жол ашуы мүмкін?
— Бұл бағытта Қазақстанның нақты қалыптасқан негізі бар. 2025 жылғы қарашада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Cisco компаниясымен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойды. Құжат алдағы бес жылға арналған ынтымақтастықты, соның ішінде озық инфрақұрылымды дамыту бағыттарын қамтиды.
2026 жылғы 1-3 қазан аралығында Астанада AI & Digital Bridge форумы өтеді. Оның аясында жасанды интеллект саласындағы Орталық Азия мен АҚШ ынтымақтастығына арналған C5+1 алаңы ұйымдастырылады. Онда реттеу, инфрақұрылым және кадр даярлау мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар Қазақстан бұл бағытта Қытаймен де серіктестікті қатар дамытып келеді. Бұл – белгілі бір тарапты таңдауға емес, әртүрлі серіктестермен тиімді ынтымақтастықты дамытуға негізделген көпвекторлы саясаттың көрінісі.