Қазақстандағы діни мерекелер халықты қалай біріктіреді?

Қазақстандағы діни мерекелер халықты қалай біріктіреді?
ЖИ/dalanews

Қазақстан – түрлі этнос пен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Осындай көптүрлі қоғамда адамдарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын маңызды факторлардың бірі – діни мерекелер. Құрбан айт, Ораза айт, Рождество сияқты мерекелер тек діни рәсімдермен шектелмей, қоғамдағы өзара сыйластықты, қайырымдылықты және бауырмалдықты нығайтатын маңызды әлеуметтік институтқа айналып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Теолог, исламтанушы Жақсыбек Әділхан Рахишұлының айтуынша, діни мерекелер – қазақстандықтардың жасы мен этносына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бір-бірін түсініп, кешірімді болуына ықпал ететін ерекше рухани көпір.

– Құрбан айт, Ораза айт немесе Рождество сияқты діни мерекелер тек ғибадат етумен шектелмейді. Бұл күнделікті тіршілікте оқшауланып қалатын отандастарды ортақ құндылықтар төңірегінде тоғыстыратын қуатты әлеуметтік тетік. Мешіттер мен шіркеулердегі топтық құлшылықтар адамның өзін қоғамның ажырамас бөлігі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді, – дейді маман.

Оның сөзінше, айт намазына немесе мерекелік құлшылықтарға жүздеген адамның бір мезетте жиналуы қоғамдағы бірлікті күшейтеді. Мұндай сәттерде лауазымы, табысы немесе жасы әртүрлі адамдар бір сапта тұрып, теңдік қағидасының нақты көрінісін көрсетеді.

– Бұл әлеуметтік жіктелуді уақытша болса да ұмыттырып, адамдардың ортақ қауымдастықтың мүшесі екенін сезіндіреді. Сонымен қатар адам санасында «мен бұл қоғамда жалғыз емеспін, маған тілеулес үлкен орта бар» деген сенім қалыптасады, – дейді теолог.

Қайырымдылық пен қонақжайлықтың мерекесі

Қазақ қоғамында діни мерекелер ежелден қайырымдылықпен астасып келеді. Ораза айт кезінде адамдар бір-бірінің үйіне барып, дәм татып, ақжарма тілектерін білдірсе, Құрбан айтта мұқтаж жандарға ет таратылып, көмек көрсетіледі.

Сарапшының пікірінше, мұндай игі амалдардың мәні тек материалдық көмекпен шектелмейді.

– Қайырымдылық – қоғамдағы әлсіз топтарды қолдау мен оларды ортадан шеттетпеудің белгісі. Айт күндері жасалған ізгі істер адамдар арасындағы сенімді нығайтып, туыстық және көршілік қатынастарды қайта жандандырады. Кейде жыл бойы араласпай кеткен адамдар дәл осындай мерекелерде қайта табысып жатады, – дейді ол.

Шын мәнінде, діни мерекелер адамдарды тек дастарқан басында ғана емес, ортақ игі істер төңірегінде де біріктіреді. Қайырымдылық акциялары, әлеуметтік көмек көрсету, жалғызбасты қариялар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру сияқты бастамалар қоғамдағы өзара жауапкершілік сезімін арттырады.

Рухани сұранысты қанағаттандыратын құндылық

Мемлекеттік институттар қоғамдағы тәртіп пен заңның сақталуын қамтамасыз етеді. Алайда адамның ішкі жан дүниесіне, рухани қажеттілігіне әсер ету басқа мәселе.

Жақсыбек Әділхан Рахишұлы бұл тұрғыда діни мерекелердің ерекше рөл атқаратынын айтады.

– Мемлекеттік немесе саяси институттар азаматтарды заң мен ереже аясында біріктіре алады. Бірақ өзара жанашырлық пен бауырмалдық сезімін бұйрықпен қалыптастыру мүмкін емес. Ал діни мерекелер адамдардың жүрегіне, сеніміне және салт-дәстүріне тікелей әсер етіп, бұл құндылықтардың табиғи түрде оянуына ықпал етеді, – дейді исламтанушы.

Көпконфессиялы қоғамдағы татулықтың тірегі

Қазақстанда ислам, православие, католицизм және өзге де діни бірлестіктер еркін қызмет етеді. Сондықтан діни мерекелердің тағы бір маңызды қызметі – әртүрлі сенім өкілдерінің бір-бірінің дәстүріне құрметпен қарауын қалыптастыру.

Мәселен, мұсылман қауымы православ христиандарды Рождество мерекесімен құттықтаса, өз кезегінде өзге конфессия өкілдері Құрбан айт пен Ораза айт кезінде жылы лебіздерін білдіріп жатады. Мұндай мәдени және рухани өзара сыйластық қоғамдағы келісімді нығайтады.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы төзімділік пен өзара құрмет Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық моделінің негізін құрайды.

Алматыдағы діни-ағартушылық жұмыстар

Қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайтуда мемлекеттік құрылымдардың да атқарып жатқан жұмысы аз емес. Алматы қаласы Дін істері басқармасы соңғы жылдары әлеуметтік желілердегі ақпараттық-ағартушылық қызметті белсенді жүргізіп келеді. Басқарманың ресми ресурстарында діни сауаттылықты арттыруға, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттауға және жастарды радикалды идеологиядан сақтандыруға бағытталған материалдар тұрақты жарияланып отырады.

Басқарма әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырып, тұрғындармен кері байланыс орнатуға ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ қаладағы сауда орындары, оқу орындары, әскери құрылымдар мен түрлі еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізіліп, деструктивті діни ағымдардың белгілері, зайырлы мемлекеттің құндылықтары және қоғамдағы бейбітшілік мәдениеті түсіндіріледі.

Бұдан бөлек, Алматыда діни тұрақтылықты нығайту және жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы оқыту семинарлары өткізіліп, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы күшейтілуде. Мұндай шаралар қоғамда радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыруға және діни келісімді сақтауға бағытталған.