Кейінгі төрт жылда Қазақстанда 290-нан астам діни радикал сотталып, 10 теракт пен зорлық-зомбылық әрекетінің жолы кесілген. ҰҚК дерегінше, интернеттен радикалды мазмұндағы 100 мыңға жуық сілтеме де бұғатталған. Мұндай қауіптің алдын алу жұмыстары өңірлерде де жүргізіліп келеді. Соның ішінде Алматыда 2017 жылдан бері Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығы деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтарға теологиялық және психологиялық көмек көрсетеді.
Алайда радикалданудың алдын алу тек мамандардың жұмысына тірелмейді. Адам мұндай идеологияның ықпалына қалай түседі? Оның алдын алуда отбасының рөлі қандай? Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге 10 жыл бойы көмек көрсеткен психолог Лимана Қойшиева Dalanews.kz редакциясына оның психологиялық себептері мен алғашқы белгілерін түсіндірді.
Психологтың сөзінше, деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен адамды қалыпты өмірге қайтару тәжірибесінде отбасының қолдауы айрықша рөл атқарады.
"Мен Дін проблемаларын зерттеу орталығында деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету бөлімін он жыл басқардым. Тәжірибемде радикалды немесе басқа да деструктивті діни топтардың ықпалына түскен адамдармен етене жұмыс істедім. Оларды бұл ортадан шығаруда, адамның санасын қайтадан тәуелсіз етуге көмектесуде отбасының рөлі өте жоғары болды. Сондықтан жақындарының махаббаты, сүйіспеншілігі мен сенімін бірінші орынға қояр едім. Cебебі отбасы – адамның өзін қауіпсіз әрі қажет сезінуіне, өзін бағалауына және өмірдегі қиындықтарды еңсеруіне ықпал ететін алғашқы әлеуметтік орта", - дейді маман.
Психолог отбасында эмоционалдық байланыс мықты болып, адамдар бір-бірін тыңдап, пікірін құрметтесе, адам қиындық туындағанда жауапты сырттан іздемей, алдымен жақындарына жүгіне алатынын жеткізді.
"Дегенмен бүкіл жауапкершілікті тек отбасыға артып қою дұрыс емес. Олар жалғыз барлық қауіптің алдын ала алмайды. Бұл жерде мектеп, адамның ортасы, психологтар, дінтанушылар, басқа да мамандар, қоғам және интернеттегі ақпараттық орта – барлығы бірге жұмыс істеуі керек", - дейді ол.
Радикалды ортаға кімдер көбірек осал?
Психологтың көпжылдық тәжірибесінде радикалды немесе деструктивті топтардың ықпалына түскен адамдарда жиі кездесетін бірнеше психологиялық және әлеуметтік фактор болған. Олардың қатарында жалғыздық, жақынын жоғалту, өмірлік дағдарыс, өзін қоғамға қажетсіз сезіну, қатты күйзеліс, реніш, әділетсіздік сезімі, әлеуметтік оқшаулану, өзін төмен бағалау және өмірлік мақсаттың болмауы бар.
Кей жағдайда отбасындағы ауыр жанжал немесе жұмыс орнында өзін әділетсіздікке ұшырадым деп сезіну де адамды басқа ортадан «әділет» пен қолдау іздеуге итермелеуі мүмкін.
"Тәжірибемде ата-анасымен үлкен жанжалға келген, туыстарынан алыстаған немесе жұмыс орнында әділетсіздік көрдім деп есептеген адамдар болды. Олар басқа ортадан әділет, тыныштық іздей бастайды. Осындай сәтте белгілі бір топ оған дайын жауап ұсынып, ерекше көңіл бөліп, "біз сені түсінеміз" деген сезім тудыруы мүмкін", - дейді психолог.
Әсіресе өмірінің мәнін іздеп жүрген адам мұндай ықпалға осал болып жатады. "Мен не үшін өмір сүріп жүрмін?", "Менің өмірдегі миссиям қандай?" деген сұрақтарға жауап таппаған кезде оған барлық сауалға қарапайым әрі дайын жауап беретін орта тартымды көрінеді.
Маманның тәжірибесінде мұндай топтардың ықпалына түскендердің басым бөлігі жастар болған.
"Біз жұмыс істеген кезеңде мұндай адамдардың шамамен 70-80 пайызы жасөспірімдер мен 35-36 жасқа дейінгі жастардың арасында кездесетін. Өйткені жасөспірімдік және жастық кезеңде адамның өзіндік «Мені» қалыптасып, қоғамнан өз орнын іздеу процесі жүреді. Бұл кезде құрдастардың, әлеуметтік желілер мен түрлі қауымдастықтардың ықпалы күшейеді", - дейді ол.
Алайда психолог радикалдануды тек жастарға немесе білім деңгейі төмен адамдарға тән құбылыс деп қабылдамау керегін ескертеді. Оның тәжірибесінде жоғары білімді, бірнеше тіл білетін адамдардың да деструктивті топтардың ықпалына түскен жағдайлары болған.
Бір белгіге қарап қорытынды жасауға болмайды
Маман қоғамдағы маңызды мәселенің бірі ретінде діндарлық пен радикалдануды шатастырмау қажеттігін атап өтті.
Оның сөзінше, адамның мешітке баруы, Құран оқуы, діни білім алуға талпынуы немесе дінге қатысты сұрақтар қоя бастауы өздігінен қауіптің белгісі емес.
"Діни қызығушылық таныту, діни білім алуға ұмтылу, мешітке бару, Құран оқу немесе діни мәселелер бойынша сұрақ қоюдың өзі радикалдану емес. Қазір отбасылық қиындыққа тап болған адамдардың арасында да рухани тіректі діннен іздеп, соның арқасында отбасын сақтап қалып жатқандар бар. Мұны радикалдану деп қарастыруға болмайды", - дейді психолог.
Кей адамдар ауыр күйзеліс, жалғыздық немесе өмірлік дағдарыс кезінде рухани тірек іздейді. Бұл адамның психологиялық тұрғыда өзін қалпына келтіру тәсілдерінің бірі болуы мүмкін.
Психолог өз тәжірибесіндегі бір оқиғаны мысалға келтірді. Жол апатынан күйеуі мен балаларынан айырылып, өзі ғана тірі қалған әйел өмірінің мәнін жоғалтқан. Ауыр қайғыдан кейін оған рухани мазмұндағы кітап сыйға беріліп, кейін әйел әртүрлі рухани ілімдерге қызыға бастаған.
"Оның өмір сүруге күші де, қуанышы да қалмаған еді. Бір кітаптан бастап, кейін басқа еңбектерді оқып, белгілі бір рухани топқа араласты. Медитацияларға қатысты. Бірақ уақыт өте келе, шамамен 10-15 жылдан кейін жан дүниесі біртіндеп қалпына келіп, қалыпты өміріне оралды. Бұл мысалды ешкімді ақтау немесе қандай да бір топты қолдау үшін айтып отырған жоқпын. Бір адамның басынан өткен жағдай ретінде ғана айтып отырмын", - дейді маман.
Баланың телефонын жасырын тексеру мәселені шешпейді
Интернет пен әлеуметтік желі жастардың дүниетанымына ықпал ететін маңызды ортаға айналды. Бірақ психологтың пікірінше, баланы қауіпті контенттен қорғаудың тиімді жолы жаппай тыйым мен қатаң бақылау емес.
"Ең тиімді алдын алу шарасы – баланың сыни ойлауын, эмоционалдық тұрақтылығын және өмірлік мақсатын қалыптастыру. Жастармен дін, құндылық, достық, жауапкершілік, сенім және интернет қауіпсіздігі туралы ашық сөйлесу керек", - дейді маман.
Ата-ана баланың жеке кеңістігін де құрметтеуі қажет. Телефонын үнемі тексеру, жасырын аңду, ұрысу немесе қорқыту керісінше арадағы сенімді бұзуы мүмкін.
Мұндай жағдайда бала "анам бәрібір түсінбейді" немесе "айтсам, үйде дүрбелең басталады" деген оймен тіпті ұсақ мәселелерін де жасыра бастайды.
"Бақылаудан бұрын диалог болуы керек. Әрине, нақты қауіп байқалса, ата-ананың араласуы қажет. Бірақ оған дейін бала ата-анасына қорықпай келе алатындай қарым-қатынас қалыптасуы керек", - дейді психолог.
Жақын адам радикалды идеяларды қолдай бастаса, не істеу керек?
Маман мұндай жағдайда ең әуелі адаммен эмоционалдық байланысты үзіп алмауға кеңес береді. Айыптау, қорқыту немесе бірден қысым көрсету оны отбасынан одан әрі алыстатып жібереді.
Алдымен нақты қандай өзгерістер болып жатқанын бақылап, қажет жағдайда мамандардан кеңес алған дұрыс. Психолог адамның эмоционалдық және психологиялық жағдайын бағалауға көмектесе алады. Ал діни мәселелер бойынша білікті теологтар мен дінтанушылардың көмегіне жүгінген жөн.
"Адамның өзі маманға барудан бас тартса да, ата-анасы немесе жақындары алдымен маманмен сөйлесе алады. Олар маман мен жақынының арасында көпір болуы керек. Не істеп жүргенінің дұрыс-бұрысын түсіну үшін ата-ананың өзі де сауатты ақпарат алуы қажет", - дейді ол.
Дегенмен қауіп нақты сипат ала бастаса, жағдайға басқаша қарау керек.
"Егер адам зорлық-зомбылық жасауға нақты ниет білдірсе, қару немесе басқа да қауіпті заттарды іздей бастаса, нақты адамдарға қауіп төндірсе, мұндай жағдайда тек отбасылық әңгімемен шектелуге болмайды. Тиісті қауіпсіздік және құқық қорғау органдарына жүгіну қажет", - деп ескертті психолог.
Психологтан кеңес
Психолог діни экстремизм мен радикалданудың алдын алу үшін отбасыларға бес мәселеге ерекше назар аударуға кеңес береді.
Біріншісі – тыңдай білу. Бала сөйлеген кезде сөзін бөлмей, пікірін соңына дейін тыңдау және «мен саған сенемін, мен сенің жаныңдамын» деген сезімді қалыптастыру маңызды.
Екіншісі – эмоционалдық байланысты сақтау. «Қандай жағдай болса да, маған айта аласың» деген сенім сөз жүзінде ғана емес, ата-ананың іс-әрекетінен де көрінуі керек.
Үшіншісі – сыни ойлауды дамыту. Бала интернеттен көрген немесе естіген кез келген ақпаратты абсолютті шындық ретінде қабылдамауды үйренуі қажет.
Төртіншісі – дін туралы сауатты ақпарат беру. Діни мәселелерге қатысты сұрақ туындаса, кездейсоқ интернет парақшаларынан емес, білікті әрі сенімді мамандардан жауап іздеген дұрыс.
Бесіншісі – өзгерістерді ерте байқау. Бір ғана әрекет немесе сыртқы белгі бойынша қорытынды жасамай, адамның мінез-құлқы мен дүниетанымындағы өзгерістердің жиынтығын бақылау қажет.
"Экстремизмнің алдын алудағы ең мықты қорғандардың бірі, адам отбасында өзін қажет, сүйікті сезінуі тиіс. Отбасының міндеті – баланы қорқытып басқару емес, өмірдегі күрделі сұрақтарға жауап іздей алатын, сыни ойлайтын және жауапкершілікпен шешім қабылдайтын тұлға етіп тәрбиелеу", - дейді маман.
Психолог діни экстремизмнің алдын алу барысында тағы бір маңызды қағиданы ұмытпау керегін атап өтті.
"Діннің өзін радикализммен теңестіруге болмайды. Сондықтан алдын алу кезінде адамның діни сеніміне құрметпен қарау мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын идеологияға қарсы ұстанымды қатар сақтау маңызды", - деп түйіндеді ол.