«Өткір сұрақтардан қорқасыздар ма?» – Құрылтайда журналистердің кулуардағы жұмысы түсіндірілді

«Өткір сұрақтардан қорқасыздар ма?» – Құрылтайда журналистердің кулуардағы жұмысы түсіндірілді
pixabay.com

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева журналистердің кулуарда депутаттарға сұрақ қою мүмкіндігі не себепті шектелгенін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бейсенбі күні Құрылтайда өткен брифингте журналист Ботагөз Омарова кулуардағы жұмыс тәртібіне қатысты мәселе көтерді. Ол журналистердің депутаттарға еркін сұрақ қою мүмкіндігі неге қысқарғанын сұрап, мұның өткір сауалдармен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

«Кулуартарға қатысты сұрақ бар. Егер мұны сұрамасам, өзімді сыйламай кететін шығармын. Айтыңызшы, не болды? Неліктен кулуарлар қысқарды? Сіздер біздің өткір сұрақтарымыздан қорқасыздар ма, әлде журналистердің мұндай сұрақтарды еркін қойғаны ұнамай ма? Осыны түсіндіріп бере аласыз ба?» – деп сұрады журналист.

Ол бұл мәселенің маңызды екенін және Қазақстандағы сөз бостандығына тікелей қатысты екенін атап өтті.

Дания Еспаеваның айтуынша, Құрылтай бұрынғыдай ашық жұмыс істеп жатыр. Алайда журналистердің Құрылтай отырыстары кезіндегі жұмыс форматына қатысты белгілі бір тәртіп енгізілген.

«Құрылтай қалай ашық болса, солай ашық болып қала береді. Қазір сіздер біздің баяндамаларымызды баспасөз орталығы арқылы тыңдап, жұмыс істеп жүрсіздер. Менің ойымша, бұл, біріншіден, сіздерге жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау үшін енгізілді. Екіншіден, Құрылтай – жоғары заң шығарушы орган екенін түсінуіміз керек. Журналистер Құрылтайға пленарлық отырыстар кезінде келгенде, ең алдымен назар аударылуы тиіс мәселе – Құрылтай отырысына шығарылатын заң жобалары», – деді Еспаева.

Оның пікірінше, журналистер Құрылтай отырысына келген күнгі материалдарының негізгі тақырыбы сол күні қаралатын заң жобаларына арналуы керек.

«Неліктен бұлай деп ойлаймыз? Өйткені еліміздің азаматтары Құрылтайда қабылданып жатқан заңдар туралы барынша толық хабардар болуы қажет», – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Қазіргі уақытта Құрылтайдың екінші отырысында оның жұмыс регламенті қаралып жатыр. Құжат жаңа Конституция мен «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкес әзірленген.