Қазақстан Республикасының күні қарсаңында Qarmet компаниясының «Тентек» шахтасы маңызды өндірістік межеге жетіп, соңғы он жылда алғаш рет миллион тонна көмір өндірді. Кәсіпорын ұзақ жылдарға созылған тоқыраудан кейін өндірістік әлеуетін қалпына келтіріп, жабдықтарын жаңғыртуда және көмір өндіру көлемін одан әрі арттыруға жағдай жасап келеді. 2026 жылдың соңына дейін шахтада көмір өндіру көлемін 1,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Шахта соңғы рет миллион тонна көмірді он жыл бұрын өндірген еді. Бүгінде біз бұрынғы көрсеткіштерді қалпына келтіріп қана қоймай, кәсіпорынды одан әрі дамытуға негіз қалап жатырмыз. Биыл ауа беретін екі жаңа негізгі оқпанды пайдалануға беріп, көмірді құрғақ байытуға арналған жерүсті кешенінің құрылысын бастаймыз», – деді «Тентек» шахтасының директоры Владимир Шнель.

Жаңа оқпандарды пайдалануға беру шахта инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезең болмақ. Олар жерасты қазбаларына таза ауаның қосымша көлемін жеткізіп, тау-кен жұмыстарының ауқымын кеңейтуге және жаңа көмір өндіру учаскелерін игеруге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Qarmet кәсіпорынды техникалық жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Биыл шахтаға үш жаңа үңгу комбайн мен конвейер жеткізілді. Бұл тау-кен қазбаларын жүргізу қарқынын арттырып, көмір өндіру учаскелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңғыртудың тағы бір бағыты – бағытталған бұрғылау технологиясын енгізу. Қазіргі уақытта шахта мамандары бұл технологияны қытайлық әріптестерімен бірлесіп меңгеріп жатыр. Ол ұңғымаларды алдын ала белгіленген траектория бойынша бұрғылауға және тау-кен-геологиялық жағдайларға қарай бұрғылау бағытын өзгертуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияны қолдану арқылы жаңа лаваларды дайындау мерзімін қысқартып, бұрғылау жұмыстарының дәлдігін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға болады.
Qarmet үшін Д-6 көмір қабатының қорын игерудің маңызы зор. Бұл қабаттан өндірілетін кокстелетін көмір компанияның металлургиялық өндірісіне қажетті маңызды шикізат саналады. Аталған бағытты дамыту комбинаттың жеке шикізат базасын нығайтып, өндірістік тізбектің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары шахтада жаңа лаваларды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.
Қол жеткізілген нәтижелердің артында шахта жұмысшыларының қажырлы еңбегі тұр. Көмір өндіру көлемін қалпына келтіруде негізінен басқа кәсіпорындардан іссапармен келген қызметкерлерден жасақталған бригаданың үлесі зор. Кәсіби тәжірибе, ұйымшылдық пен жауапкершіліктің арқасында ұжым алдына қойылған міндеттерді орындай алды.

«Біздің бригада мықты, еңбекқор жігіттерден құралған. Жігіттермен бір жылдан бері емес, көптен бері бірге жұмыс істеп келемін. Көбін басқа шахталарда еңбек еткен кезден білемін. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, әркім өз міндетін біледі. Нәтижеге қол жеткізуіміздің сыры да осында», – деді бригада жетекшісі Александр Измер.
Миллион тонна межесіне жету және Республика күнін мерекелеу құрметіне шахта аумағында ағаш отырғызу шарасы өтті. Бұл бастама кәсіпорын тарихындағы жаңа кезеңнің, өндірісті қалпына келтіру мен одан әрі дамытудың символына айналды.
Миллион тонна көмір өндіру – «Тентек» шахтасының қайта өрлеу жолындағы маңызды белес әрі Qarmet компаниясының көмір кәсіпорындарын қалпына келтіру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Жабдықтарды жаңарту, инфрақұрылымды дамыту және заманауи технологияларды енгізу шахтаға бұрынғы әлеуетін қайта жаңғыртып, жаңа өндірістік межелерге нық қадам басуға мүмкіндік беріп отыр.