Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Енді сарбаздар әскердегі алғашқы алты айын арнайы оқу орталықтарында өткізіп, қалған жарты жылда әскери бөлімдерде қызмет етпек. Сонымен қатар жастарға жасанды интеллектіні меңгеріп, азаматтық мамандық игеруге мүмкіндік беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мақұлданған әскери реформа жоспарын жүзеге асыру басталды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өзгерістер армияның құрылымынан бастап, әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне, даярлық сапасына және әлеуметтік жағдайына дейінгі бірқатар маңызды бағытты қамтиды.
Реформаның басты мақсаты – заман талабына сай, технологиялық тұрғыдан дамыған әрі әскери қызметшілер үшін қауіпсіз армия қалыптастыру.
Әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді
Жаңа жүйеге сәйкес, мерзімді әскери қызмет бұрынғыдай бір жылға созылғанымен, оны өткеру тәртібі өзгереді.
Алғашқы алты айда әскерге шақырылған азаматтар арнайы оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Бұл уақытта сарбаздар әскери ортаға бейімделіп, бастапқы әскери білім алады және дене дайындығын жетілдіреді.
Сонымен бірге оларға шет тілдерін үйренуге, жасанды интеллект технологияларын пайдалануға және еңбек нарығында сұранысқа ие азаматтық кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік жасалмақ.
Ал келесі алты айда сарбаздар әскери бөлімдерге жіберіледі. Онда олар жауынгерлік даярлығын жетілдіріп, әскери тапсырмаларды орындауға машықтанады.
Жаңа тәсілдің кейбір элементтері бұған дейін "Sarbaz+" жобасы аясында сынақтан өткізілген.
Қорғаныс министрлігі екі кезеңді мерзімді әскери қызмет моделін 2027 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосуды жоспарлап отыр.
Әскерде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар қолданылады
Әскери реформа аясында армияны технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға басымдық беріледі.
Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс жүйелерін дамыту, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу көзделген.
Сондай-ақ әскери дайындық кезінде ұрыс қимылдарын компьютер арқылы модельдейтін арнайы симуляциялық бағдарламалар қолданылмақ.
Бұл сарбаздарға түрлі жауынгерлік жағдайларды қауіпсіз жағдайда пысықтауға, жаңа тактикаларды меңгеруге және оқу-жаттығу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Сарбаздардың құқығын қорғайтын тәуелсіз кеңесшілер пайда болады
Реформада әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.
Осы мақсатта әскери бөлімдердің қолбасшылығына тәуелсіз кеңесшілер институтын құру жоспарланып отыр.
Олар сарбаздардың құқықтарының сақталуын бақылауға, заңбұзушылықтарды анықтауға және әскери қызметшілерге қажетті қолдау көрсетуге көмектеседі. Сонымен қатар әскердегі тәртіп пен командирлердің жауапкершілігін күшейту көзделген.
Қорғаныс министрлігі сарбаздарды сапалы тамақпен, әскери киім-кешекпен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда болатынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, казармаларды, оқу ғимараттарын және әскери полигондарды жөндеу мен жаңарту жоспарланған.
Мектеп оқушыларын әскери даярлау жүйесі де өзгереді
Жаңа өзгерістер тек әскер қатарындағы азаматтарға ғана қатысты емес.
2027 жылдан бастап елімізде "Жас айбын" атты бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін құру көзделіп отыр.
Ол "Жас қыран", "Жас ұлан" және "Жас сарбаз" кезеңдерін біріктіреді.
Жаңа жүйе аясында оқушыларға қауіпсіз мінез-құлық ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдылары үйретілмек.
Сондай-ақ мектептердегі алғашқы әскери дайындық сапасын арттыру және мамандандырылған әскери мектептер желісін дамыту жұмыстары жалғасады.
Жаңа әскери тәртіп қашан күшіне енеді?
Қорғаныс министрлігінің жоспарына сәйкес, реформаны жүзеге асыру бірнеше кезеңге бөлінген.
2026 жылдың соңына дейін негізгі ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі.
Ал 2027 жылы екі кезеңді мерзімді әскери қызметтің пилоттық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Реформаның өзге бағыттары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Демек, жаңа модель әзірге бүкіл Қазақстан армиясына бірден енгізіліп жатқан жоқ. Оның тиімділігі алдымен пилоттық жоба аясында тексеріледі.
Қорғаныс министрлігі алдағы уақытта әскери реформаның орындалу барысы жөнінде қоғамға тұрақты түрде ақпарат беріп отыратынын жеткізді.