Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құттықтау хатында Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік саладағы жетістіктерін атап өтіп, елдің халықаралық аренадағы беделіне жоғары баға берген.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын», – делінген Ресей басшысының хатында.
Владимир Путин Қазақстанның экономика мен әлеуметтік саладағы жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өткен. Сондай-ақ еліміздің халықаралық істерде маңызды әрі сындарлы рөл атқаратынын және әлемдік аренада лайықты беделге ие екенін жеткізген.
Ресей Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мәскеу мен Астана ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында күш-жігерін үйлестіріп келеді.
Путин алдағы уақытта да Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді байланыстарды барлық бағыт бойынша нығайтуға ниетті екенін білдірді. Оның сөзінше, бұл екі ел халықтарының игілігіне, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.
Ресей басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық пен табыс, ал Қазақстан халқына амандық пен өркендеу тіледі.