Атырауда шенеуніктің мәйіті пәтерінен табылды

Атырауда шенеуніктің мәйіті пәтерінен табылды
Azh.kz

Атырау облысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департамент басшысы Бауыржан Асаиновтың мәйіті пәтерінен табылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Ақ Жайық» басылымның мәліметінше, Асаиновтың денесі 18 қазанда өзі тұрған пәтерден табылған. Оның қайтыс болғанын әріптестері де растаған. Ведомствоның ресми парақшасында марқұмға арналған қазанама жарияланып, жақындарына көңіл айтылған.

Басқа да дереккөздер шенеуніктің денесі табылғанға дейін пәтерде шамамен екі апта жатуы мүмкін екенін жазды. Сондай-ақ БАҚ марқұм мен оның ағасы арасында жанжал болуы ықтимал деген ақпарат таратқан. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталмаған.

Басылымның жазуынша, оқиғаға дейін ағайындылар бірге алкогольдік ішімдік ішіп, кейін жанжалдасқан болуы мүмкін. Дереккөздер марқұмның ағасы оны соғып, пәтерден кетіп қалған деген болжамды да алға тартқан. Дегенмен жанжалдың болғаны, оған кімнің қатысқаны және оның өлімге қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде анықталған жоқ.

Қазіргі уақытта Бауыржан Асаиновтың өлім себебі туралы ресми ақпарат жарияланбаған. Оқиғаның мән-жайы жөнінде құқық қорғау органдарының түсініктемесі қажет.

Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Атырау облысы бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегі ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.