Қазақстанның Тұңғыш президентінің немересі Нұрәлі Әлиев әжесі Сара Назарбаева негізін қалаған «Өзін-өзі тану» бағытын қайта дамытуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол сұхбаттарының бірінде жас ұрпаққа рухани және адамгершілік тәрбие берудің маңызына тоқталып, бұл бастаманы қайта жандандыру қажет деп есептейтінін айтқан.
«Өзін-өзі тану» пәні Қазақстан мектептерінің міндетті оқу бағдарламасына 2010–2011 оқу жылында енгізілген. Сара Назарбаеваның бастамасымен әзірленген курс оқушылардың бойында мейірімділік, ізгілік, жауапкершілік, адамгершілік және ішкі үйлесімділік секілді қасиеттерді қалыптастыруға бағытталды.
2022 жылы Оқу-ағарту министрлігі аталған пәнді міндетті сабақтар қатарынан алып тастап, факультативтік курс форматына ауыстырған болатын.
Нұрәлі Әлиев балалар мен жастардың рухани тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын жобаларды дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Оның пікірінше, мұндай бастамалар жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне және ізгі қасиеттерді бойына сіңіруіне оң ықпал етеді.