Алматыда жаңа ғылыми зертханалар көшесі SU LAB Street ашылды

Алматыда жаңа ғылыми зертханалар көшесі SU LAB Street ашылды

Алматыда жаңа SU LAB Street зертханалар көшесі ашылды. Бұл – қала тұрғындарының бәріне арналған бірегей тамаша кеңістік, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұнда мектеп оқушылары келіп, түрлі бұйымдар жасап көруге, заманауи жабдықтармен жұмыс істеуге және кәсіби практикалық бағдарлаудан өтуге мүмкіндік алады. Бұл оларға жоғары оқу орнына түспей тұрып-ақ өздеріне қай саланың жақын екенін анықтауға көмектеседі. Балалар мен ата-аналар мұнда келіп, барлық оқу сабақтарына толығымен тегін қатыса алады. Әлемдік тәжірибеде мұндай нысандардың баламасы жоқтың қасы. Алматы – сондай нысанды қала тұрғындарының игілігіне жаратуға ұсынып отырған әлемдегі алғашқы қала, мұнда ғылым мен қолданыстағы зертханалар көпшілікке қолжетімді, әрі толықтай ашық.

Сәтбаев университеті инженерлік зертханалар мен шеберханаларды, тәжірибелік өндіріс орындарын біріктіретін бірыңғай алаң – SU Labs Street кеңістігін көпшілікке таныстырды. Бұл жерде ғалымдар, студенттер, өнертапқыштар мен кәсіпкерлер жаңа технологиялық өнімдер әзірлей алады. Әрі мұнда өнімді жобалаудан бастап, алғашқы үлгісін дайындау, оны сынақтан өткізіп, жетілдіру және өндіріске енгізуге дайындауға дейінгі толық жұмыс циклі жүзеге асырылады.

Жаңа инфрақұрылым ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үдерісін жеделдетуге және университеттің өнеркәсіп орындарымен ынтымақтастық байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
SU Labs Street алаңы инженерлік жобалау, 3D-басып шығару, материалдарды механикалық түрде өңдеу, электрониканы құрастыру және тәжірибелік өндіріс мүмкіндіктерін біріктіреді. Әзірлеушілер бұйымдардың цифрлық модельдерін жасап, бөлшектері мен корпустарын дайындайды, құрылғыларды құрастырып, оларды сынақтан өткізе алады, сөйтіп конструкцияларын жетілдіре алады. Қажет болған жағдайда бір жобаға бірнеше зертхананың мамандары тартылады.

Отандық инженерлік технологиялар мен өндірістерді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында ірі инфрақұрылымдық жобаларды қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерімен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше тоқталды:

«Атап айтқанда, біз ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қажетті отандық құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды өндіруді қамтамасыз етуіміз керек».

Қолданбалы ғылымды дамыту, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және университеттердің өнеркәсіппен байланысын нығайту Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі қызметінің басым бағыттарына жатады. SU Labs Street отандық инженерлік жабдықтарды әзірлеуге, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге және өз технологияларын жасай алатын білікті мамандарды даярлауға қажетті жағдай жасайды.

«Идеядан бастап, жұмыс істейтін прототипке дейінгі жолды қысқарту үшін, біз зертханалар мен шеберханаларды бір-біріне жақын орналастырдық. Кәсіпорындар бізге нақты технологиялық тапсырмалар бере алады, ал ғалымдар мен студенттер жедел түрде оның шешімдерін әзірлеп, сынақтар жүргізеді және тәжірибелік үлгілерін жасай алады», – деп атап өтті Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.


Жаңа инфрақұрылымның негізгі нысандарының бірі – Mechanical Prototyping and Pilot Production орталығы. Мұнда инженерлік идеялар тәжірибелік үлгілерге айналып, кейін шағындау өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді. Ал FabLab MIT зертханасында цифрлық жобалау және бөлшектерді дайындау технологиялары қолжетімді болса, RTEL зертханалары электрондық құрылғыларды құрастырып, олардың жұмыс сапасын тексеруге мүмкіндік береді.    

SU Labs Street кеңістігінде сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеуге, жаңа материалдарды зерттеуге және өндірістік міндеттерді шешуге қажетті жағдай жасалған. Тау-кен металлургиясы бағыты бойынша жұмыс істейтін зертханалар кеннің құрамын зерттеуге, бағалы компоненттерді бөліп алу технологияларын әзірлеуге және бұрғылау құралдарын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Ал EcoHub орталығында пайдаланылған пластик қайта өңделіп, одан жаңа өнімдер жасалады – мұнда сәндік интерьер бұйымдарынан бастап, жиһазға дейін жасауға болады. Инженерлік әзірлемені дайын өнімге айналдырудың тағы бір мысалы – QuatPoint зарядтау станциялары. Бүгінде Қазақстанда 400-ден астам осындай станция өндіріліп, орнатылған. Бұл жоба инженерлік жобалау, электроника, бағдарламалық қамтамасыз ету және өнеркәсіптік өндіріс бағыттарын біріктіреді.

30 қазан күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері SU Labs Street алаңының мүмкіндіктерімен танысты. Журналистер зертханалар мен шеберханаларды аралап, жабдықтарды, технологиялық әзірлемелерді және Сәтбаев университеті ғалымдарының зерттеу нәтижелерін тамашалады.
SU Labs Street жобасын іске асыру университетте инженерлік әзірлемелердің толық циклін – ғылыми идеядан бастап, өнеркәсіпте қолдануға дайын өнім алу үдерісін жетелдетуге бағытталған. Жоба ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және Қазақстан экономикасына қажетті әзірлемелерді жасай алатын инженерлерді даярлау мүмкіндіктерін кеңейтеді.