Заңсыз онлайн-казионо ісі: Қазақстан Pin-Up иелеріне халықаралық іздеу жариялады

Заңсыз онлайн-казионо ісі: Қазақстан Pin-Up иелеріне халықаралық іздеу жариялады
Фото: Козачковтың парақшасынан алынды

Қазақстан Pin-Up букмекерлік кеңсесінің иелеріне халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға қатысты іздеу карточкалары пайда болған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар Қазақстан аумағында заңсыз онлайн-казино жұмысын ұйымдастырған негізгі тұлғалар ретінде күдікке ілінген.

Журналист бұл шешімді бір жылдан астам уақытқа созылған тергеудің заңды жалғасы деп бағалады.

"2025 жылдың басында The Gambler Telegram-арнасы Қазақстанда ресми тіркелген Pin-Up букмекерлік кеңсесі ойыншыларды елімізде тыйым салынған онлайн-казино сайттарына бағыттайтыны туралы көлемді зерттеу жариялаған еді", – деп жазды Михаил Козачков.

Кейін бұл ақпаратқа Қаржылық мониторинг агенттігі назар аударып, заңсыз ойын бизнесіне қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеу аясында екінші деңгейлі банктердің бірқатар қызметкері ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар шетел азаматтарына заңсыз жолмен түскен қаражатты шығаруға көмектескен.

Козачковтың жазуынша, аталған платформаларда қазақстандықтар жоғалтқан қаржының жалпы көлемі шамамен 100 миллиард теңгеге жеткен.

"Кейін бұл схеманы Қазақстанға арнайы келген Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург ұйымдастырғаны белгілі болды. Оларға қазақстандық IT мамандары мен қаржыгерлер көмектескен. Қазір бірнеше адам қамауға алынды, ал Украина азаматтарына іздеу жарияланды", – деді журналист.

Осы уақытқа дейін тергеудің заңсыз бизнестің негізгі пайда алушыларына жете ме деген сауал ашық қалып келген. Козачковтың мәліметінше, Pin-Up компаниясы Кипрде тұратын Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен оның жұбайы Марина Ильинаға тиесілі.

"Бүгін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының базасында Пунин мен Ильинаға қатысты карточкалар пайда болды. Екеуі де халықаралық іздеуге жарияланған", – деп жазды ол.

Журналист бұл жағдайды Қазақстан тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған оқиға деп бағалады.

"Менің білуімше, Қазақстанның ірі халықаралық гемблинг платформалары иелерін іздеуге жариялауы алғаш рет болып отыр. Енді оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіні қызық", – деп түйіндеді Михаил Козачков.