Каспийдегі ауқымды рейд: 126 адам ұсталып, миллиондаған теңгенің залалына тосқауыл қойылды

Каспийдегі ауқымды рейд: 126 адам ұсталып, миллиондаған теңгенің залалына тосқауыл қойылды
Фото: ҰҚК

Каспий теңізінде жүргізілген ауқымды рейд барысында шекарашылар 11,5 келі есірткі затын тәркілеп, заңсыз балық аулауға пайдаланылған ондаған шақырым торды анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, Каспий теңізінің акваториясында заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталған тексеру шараларын жүргізді.

Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде заң талаптарын бұзған 126 адам ұсталып, 44 шағын көлемді кеме тоқтатылған. Сонымен қатар 11,5 келі есірткі заты мен браконьерлер пайдаланған 88 шақырым балық аулау торы және өзге де құралдар тәркіленген.

Рейд кезінде заңсыз ауланған 2337 балық, оның ішінде бекіре тұқымдас бағалы балықтар табиғи тіршілік ортасына қайта жіберілді.

Заң бұзушыларға жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, жүргізілген шаралардың нәтижесінде мемлекетке келуі мүмкін 840 миллион теңгеден астам залалдың алдын алуға мүмкіндік туған.