“Футболға миллиардтар бөлінеді, ал біз қолдаусыз жүрміз”. Қуат Хамитов жеңісінен кейін жанайқайын жеткізді

“Футболға миллиардтар бөлінеді, ал біз қолдаусыз жүрміз”. Қуат Хамитов жеңісінен кейін жанайқайын жеткізді
Фото: видеодан скрин, sports.kz

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ACA 209 турниріндегі жеңісінен кейін ерекше әрекетімен көпшіліктің назарын аударды. Ол октагонға Қазақстан ұлттық футбол құрамасының жейдесін алып шығып, отандық футболды қаржыландыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz sports.kz-ке сілтеме жасап.

Турнир аясында ресейлік Алексей Махномен кездескен Хамитов жекпе-жектен кейін Қазақстан футболына қомақты қаржы бөлінгенімен, халықаралық аренада айтарлықтай нәтиже жоқ екенін сынға алды.

"Қазақстан футболға миллиардтаған қаржы, тіпті миллиардтаған доллар бөледі. Бірақ футболшыларымыз халықаралық аренада ешқашан жеңіске жеткен емес. Олардың жейдесін де әлем көрген жоқ. Сондықтан мен Қазақстан ұлттық құрамасының туын әлемдік деңгейде көтергім келеді. Мемлекет маған миллиондар мен миллиардтар бөлмесе де, тіпті демеушім болмаса да, мен өзімді өзім қалыптастырдым. Соған қарамастан, бүгін осы жейде әлемнің ең биік тұғырында тұрсын. Футболда болмаса да, ең болмағанда ММА-да", - деді Қуат Хамитов.