Атырау облысында төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің жазасын қай мекемеде өтейтіні белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, ол 19 қыркүйекте арнайы қарауылмен Жезқазғандағы №62 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жеткізілген.
Бұған дейін Сәрсемәлиев Қостанай облысындағы өмір бойына сотталғандар жазасын өтейтін «Қара бүркіт» мекемесіне жіберілуі мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда кейін Жезқазғандағы №62 колонияның да өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды ұстауға бейімделіп жатқаны белгілі болды.
Басылым дерегінше, №62 мекеме бұған дейін аралас қауіпсіздік мекемесі болған. 2026 жылы оның бейіні өзгеріп, өмір бойына сотталғандарға арналған қосымша орындар әзірлеу жұмыстары басталған. Осы мақсатта ғимараттар жөнделіп, қайта жабдықталып жатыр.
Сәрсемәлиевке қатысты үкім 14 шілдеде шыққан. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім еткен. Ол сот шешіміне шағым түсірмеген, сондықтан үкім 3 қыркүйекте заңды күшіне енген.
Қазіргі уақытта №62 мекемеде нақты қанша сотталған отырғаны және онда тағы кімдердің жеткізілгені жарияланбайды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мұндай мәліметті қызметтік ақпаратқа жатқызған.