Экс-депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында анасының қоғамдық қызметі мен білім саласына сіңірген еңбегі туралы жазды. Ол анасының Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің атынан марапатталғанын айтып, қуанышын көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, ол Астанаға анасына арнайы қонаққа барған. Сол кезде анасы оған қуанышты жаңалығын жеткізген. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің жұмысына қосқан үлесі үшін анасына кеңес төрағасының атынан Алғыс хат пен арнайы статуэтка табысталған. Оның сөзінше, анасы екі жылға жуық уақыттан бері Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қызмет атқарып келеді.
"Анамның Қоғамдық кеңес мүшесі болғанына екі жылға жуық уақыт болып қалды. Осы уақыт ішінде өзінің білімі мен мол тәжірибесін, кәсіби біліктілігін қоғамдық жұмысқа арнап, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді", – деп жазды ол.
Бақытжан Базарбек анасының өмір бойы білім беру саласында еңбек еткенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, анасы 55 жылын жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға арнаған.
"Шындығын айтқанда, дәл бүгін анама "Құрмет" ордені берілсе де, артық болмас еді деп ойлаймын. Өйткені ол кісі өмірінің 55 жылын жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне арнаған ұстаз әрі білім саласының білікті ұйымдастырушысы", – деді Базарбек.
Ол анасының алдынан көптеген шәкірт тәрбиеленіп шыққанын, олардың арасында бүгінде әкім, министр және дипломат болған азаматтар бар екенін жеткізді. Сондай-ақ Базарбек отбасының екі перзенті Парламент Мәжілісінің депутаты болғанын атап өтті.
Бақытжан Базарбек анасының білім саласындағы қызметіне де тоқталды. Оның жазуынша, анасы Тараз қаласының орталығындағы қарапайым орыс мектебінің Төле би атындағы мектеп-гимназияға айналуына жетекшілік етіп, білім ордасының Жамбыл облысындағы алдыңғы қатарлы мектептердің біріне айналуына үлес қосқан.
"Ана еңбегінің бағаланғаны – біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш", – деп жазды ол.