Сарайшық ауданының жасыл қоры 80 мың ағаштан асты

Сарайшық ауданының жасыл қоры 80 мың ағаштан асты
Dala News

Астана қаласының Сарайшық ауданында көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астанада сенбілік аясында Президенттік саябаққа 30 түп шырша отырғызылып жатыр. Көгалдандыру жұмысына Сарайшық ауданы әкімдігі аппаратының 50 қызметкері қатысуда. Бастама елорданың жасыл желегін көбейтіп, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған.

Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедияр Қожекеновтің айтуынша, биыл аудан аумағында 8 мыңнан астам ағаш пен 25 мыңнан астам бұталы өсімдік отырғызылған.

«Биыл ауданымызда 8 мыңнан астам ағаш және 25 мыңнан астам бұталы өсімдік отырғызылды. Қазір Сарайшық ауданының жасыл қоры 80 мыңнан астам ағашты құрайды. Ағаш отырғызу – қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауа сапасын арттыруға және көрікті орта қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі», – деді Мұхамедияр Қожекенов.

Қала аумағын көгалдандыру елорданың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға да ықпал етеді. Осыған орай аудан әкімдігі қала тұрғындарын тазалық пен көгалдандыруға бағытталған бастамаларға белсенді қатысып, ортақ кеңістіктің жасыл желегін сақтауға үлес қосуға шақырды.