Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі тергеліп, сотқа жолданды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы осы схема арқылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қала прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық істі тергеуді аяқтаған. Қылмыстық топтың құрамында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен делдалдар болған.
Тергеу барысында топ мүшелерінің рөлдері алдын ала бөлінгені анықталған. Делдалдар арнайы ХҚКО ғимаратының маңында тұрып, жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерге теориялық емтихан сұрақтарының жауаптарын айтып отырған. Ал орталық қызметкерлері ақпараттық жүйеге үміткерлердің практикалық емтиханнан өткені туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізген.
Күдіктілердің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 262-бабы (ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу) және 206-бабы (ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту) бойынша сараланған.
Алты адам қамауға алынған. Тағы үшеуіне елден кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, бір адам үйқамаққа алынған.
Заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған 74 адамның құжаттарының күші жойылған. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.