«Азаттық» тілшісінің пәтерін кім бұзып кірді?

«Азаттық» тілшісінің пәтерін кім бұзып кірді?
Ашық дереккөз.

Алматыда «Азаттық Азия» тілшісі Багдат Асылбек полиция департаментінде болған кезде белгісіз екі адам оның пәтерінің есігін бұзып кірген. Бұл туралы сөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық «Әділ сөз» қоры хабарлады.

Қордың мәліметінше, 22 қазанда журналист алаяқтыққа қатысты болжамды іс бойынша түсініктеме беру үшін полицияға мәжбүрлі түрде жеткізілген. Ол полиция департаментінде болған уақытта бетперде киген екі адам пәтерінің есігін бұзып, ішке кірген.

Алайда журналист үйінен ешқандай заттың жоғалғанын байқамаған.

Көршілері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды полицияға тапсырған. Журналистің адвокаты Елена Жигаленок екі оқиғаның өзара байланысты болуы және бұл әрекеттердің журналисті қорқыту мақсатында жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Багдат Асылбек тұрғын үйге заңсыз кіру дерегі бойынша полицияға арыз берген.

«Әділ сөз» қоры болған оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарын істі объективті тексеруге, белгісіз адамдарды анықтауға және журналисті полицияға жеткізу мен оның пәтеріне заңсыз кіру арасында байланыс бар-жоғын анықтауға шақырды.
 

Dala News редакциясы түсініктеме алу үшін Алматы қалалық полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметтеріне сұрау жолдады.