Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионатына билет сатып алуға келген көрермендер қиындыққа тап болды. Жанкүйерлердің айтуынша, «Барыс Арена» спорт кешенінде билеттер бір ғана касса арқылы сатылып, ұзын-сонар кезек пайда болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған хабарламаға сәйкес, көрермендер билетті онлайн сатып ала алмай, кассаға жүгінуге мәжбүр болған. Адамның көптігінен билеттерді рәсімдеу қиындап, жанкүйерлер ұзақ уақыт күткен.
Алайда онлайн сатылымның нақты қандай себеппен қолжетімсіз болғаны әзірге белгісіз. Ұйымдастырушылардың бұл жағдайға қатысты ресми түсініктемесі де табылған жоқ.
Астана әкімдігінің 13 қазанда жариялаған ақпаратына сәйкес, күрес түрлерінен әлем чемпионатына билеттерді wrestling.kz сайтынан немесе «Барыс Арена» кассаларынан сатып алуға болады. Касса күн сайын сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтіні хабарланған.
Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Жарысқа әлемнің 135 елінен 900-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.
Жанкүйерлердің пікірінше, халықаралық деңгейдегі жарыс кезінде билет сату жұмысын ұйымдастыруға ерекше назар аудару қажет. Әсіресе көрермендер ағыны көп болғанда, билетті онлайн сатып алу мүмкіндігі мен кассалардың жұмысын үйлестіру маңызды.
Дала News редакциясы билет сату мәселесіне қатысты ұйымдастырушылардың түсініктемесін күтеді.